Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай Оңтүстік Қазақстан олысында бірқатар игі істердің қолға алынғаны белгілі. Олыс орталығы Шымкенттен бастап сонау шалғай ауылдарға дейін мерекенің атмосферасын сезінуде. Оған әрине, облыстың артистерінің қосып жатқан үлесі мол.
Мәселен, күні кеше Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданына «Оңтүстік-Цирк» мекемесінің ұжымы арнайы гастрольмен келді. Бірінші Мамыр ауылында өткен іс-шара «Өнерім саған, ауылым!» деп аталады. Бұл қойылым бірден бірнеше жағдайға орайластырылып отыр. Әрине, ең алдымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы, екіншіден, осынау ауданға Төле би бабамыздың есімі берілгеніне де биыл тура 25 жыл толды. Үшіншіден, цирк ұжымы 25 шалғай ауылды аралап, алыстағы ағайындардың балаларын қуантуды мақсат еткен.
Цирк керуені қойылымын аудан, ауыл әкімдігі басшылары және өнер иелері салтанатты шарамен қарсы алды. Койылымды ауыл халқы мен балалар үйінiң тәрбиеленушілерi тамашалады.
Айта кетейік, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын Оңтүстік Қазақстан облысының халқы бірнеше айдан бері атап өтіп келеді. Облыс аумағында түрлі концерттік бағдарламалар қойылып, спорттық сайыстар өтуде. Сонымен қатар, әдеби, рухани кештер ұйымдастырылып, халық назарына қолөнер шеберлерінің және суретшілердің туындылары ұсынылуда. Мұндай мерекелік шаралар облыс аумағында желтоқсан айының соңына дейін жалғасады деп күтілуде.