Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өту мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысында өткізіліп жатқан игі іс-шаралардың қатары артуда. Күні кеше Төлеби ауданында мүмкіндігі шектеулі балаларға қолдау көрсету мақсатында «Бәріміз бірдейміз – кемсітуді білмейміз» деген атаумен өнер байқауы өткізілді. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Аудандық мәдениет үйінде өткен іс-шараға мүмкіндігі шектеулі бола тұра тума дарыны бар балалар қатысты. Мақсат – олардың өмірге деген құштарлығын арттыру.
Байқауға қатысушылар тиісінше ән айтып, би билеп, өзара мықтыларды анықтап жатты. Дегенмен, ешқайсысы да жүлдеден шет қалған жоқ. Ұйымдастырушылар, яғни жергілікті билік өкілдері олардың баршасына мақтау қағазымен бірге бағалы сыйлықтарын тапсырып жатты.
Жалпы, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Оңтүстік Қазақстан облысында көптеген қайырымдылық шараларының жүріп жатқаны белгілі. Бұған дейін өңірдегі қайырымдылық қорларының бірі мұқтаж жандарға тегін көмір таратып жүргенін де хабарлаған болатынбыз. Аталған акция барысында 700-ден астам отбасыға 2 тоннадан көмір түсірілген еді. Дәл осындай қайырымдылықпен Шымкент қаласындағы Қаратау аудандық әкімдігінің басшылары да айналысты. Олар ауданға қарасты аумақта өсіп, қурап қалған ағаштарды кесіп, отын ретінде мұқтаж жандарға таратып берген болатын.
Сонымен қатар, Түлкібас ауданында жуырда ғана мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнап бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Нәтижесінде, арбаға таңылған азаматтар тұрақты жұмыс тауып, өздігінше табыс табуға кірісті.