$ 498.34  519.72  4.85

ОҚО-ның мәдени ошақтары мерейлі мерекеге дайындықтарын пысықтауда

Оңтүстікқазақстандық театрлар ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтуге қызу дайындалып жатыр. Бұған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен «Түрксой» халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов қаладағы мәдени ошақтарды аралау кезінде көз жеткізді.

Ең алдымен аймақ басшысы 2014 жылы Елбасының қатысуымен ашылған «Түркістан сарайы» ғимаратында болды. Танысу барысында облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Н.Ахметжанов мәдениет сарайының жұмысы туралы ақпарат берді.

Яғни, ол, 1304 көрермен залы бар ғимараттың сахнада орнатылған дыбыс күшейткіші, жарық беру құрал-жабдықтарының сапасының төмен екендігіне тоқталып, жоғары деңгейдегі концерт өткізу үшін тағы да бірқатар техникалардың жетіспейтінін атап өтті.

Мәдениет үйінің жай-күйімен танысқан әкім облыстың мәдениетін республикалық және халықаралық деңгейге көтеру үшін ең алдымен өнер үйлерінің жұмысын жандандыруды айтып, аталған мекемеге қажетті құрал-жабдықтарды алу мәселесін қарастыруды облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібековке тапсырды.          

Сонымен қатар, өңір басшысы Жұмат Шанин атындағы облыстық  академиялық қазақ  драма театрында болып, ұжыммен кездесті.

Мекеме 1934 жылы құрылған. 2014 жылдың қараша айында жаңа ғимаратқа көшіп, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 24 ақпандағы №77 қаулысымен «Академиялық» мәртебе берілген.

Театр  ғимаратында 500 адамға арналған  көрермен залы, мұражай, 2 фойе бар.

Үш қабаттан тұратын театр заманауи құрал-жабдықтармен толық  жабдықталғанымен, сахналық жарық беретін құрал-жабдықтар мен жылу жүйесі  талапқа сай емес. Осыны ескерген облыс әкімі сала басшыларына аталған кемшіліктерді жою мақсатында тиісті шара қабылдап, жұмысты жүйелеуді міндеттеді.

Аймақ басшысы театр ұжымымен кездесіп, бірқатар әлеуметтік мәселелерді талқылады. Онда өнер азаматтары қызметтік пәтерлердің болмауы мен жатақхананың жетіспеушілігінен кәсіби жас мамандардың тұрақталмайтындығын жеткізіп, басқа да актерлердің әлеуметтік жағдайын сөз етті.

Өз кезегінде мәдениет қызметкерлерінің ұсыныс-тілегін тыңдаған облыс әкімі Ж.Түймебаев облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібековке, облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Н.Ахметжановқа театрға қажетті құрал-жабдықтарды алу, актерлердің әлеуметтік мәселесін шешуді қарастыруды тапсырды.         

Сонымен қатар, шығармашылық ұжымның талмай еңбек етуіне, ізденістерінің бұдан да  жоғары деңгейде болуына тілектестігін білдіріп, алдағы жылдары халықаралық шаралармен бірге түркітілдес елдер арасында өтетін  байқауларға қатысуға әрқашан қолдау көрсететіндігін жеткізді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары