Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында тағы бір жағымды жаңалық! Орта Азияда теңдесі жоқ Шымкенттегі дендрарий саябағы бұдан былай қоғам қайраткері Асанбай Асақровтың атымен аталатын болады. Бүгін Шымкент қалалық мәслихатының соңғы отырысында депутаттар осында шешімге келді.
Айта кету керек, талай жұрттың сүйікті демалыс орнына айналған осынау ағаштар бағын Асанбай Асқаровтың өзі осы облысты басқарып тұрған кезде салғызған. Қайраткердің есімін дендрарий саябағына беру ұсынысын халық қалаулылары түгелдей қолдады.
Асанбай Асқаров 1978-1985 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы партия комитетінің бірінші хатшысы болып жұмыс істеген.
1986 жылы Қазақстан Орталық Партия Комитетінің Колбин басқарған кезде, одан кейін де Асекеңнің басына ауыр күндер туып, төрт жылдан аса уақыт қамауда болды. Асқаровқа жағылған жала 80-жылдары белең алған қазақ зиялыларын қуғындаудың құрамдас бөлігі еді. Тергеу кезінде оған Желтоқсан көтерілісін (1986) ұйымдастыруға қатыстылығы, ұлтшылдығы сияқты «кінәлар» тағылды. А. Асқаровқа тағылған айыптың мүлдем негізсіздігі анықталып, Қырғыз Республикасы Жоғарғы соты төралқасының шешімімен ол толық ақталды және азаматтық құқықтары қалпына келтірілді.
А.А. Асқаров – экономика ғылымының кандидаты, Халықаралық Акмеология Ғылымдары академиясының академигі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры. А. Асқаров – «Тағдыр» (1991), «Жұмақ пен тозақ жырлары» (1992), «Көзқарас» (1997), «Ұлы Тұранның ұлдары» (1998) және көптеген кітаптардың авторы.