$ 498.34  519.72  4.85

Шымкентте жол апатында ата-анасынан айрылған сәби есін жиды

Өткен аптаның сенбісінен жексенбісіне қараған түні Шымкентте орын алған ірі жол апаты салдарынан ерлі-зайыпты жұп қаза тапқан болатын. Олармен бірге көлікте болған 6 жасар баласы аман қалып, ауыр халде ауруханаға жеткізілген еді. Дәрігерлер сәбидің есін жиғанын хабарлап отыр.

Айта кетейік, оқиға Әл-Фараби мен Юсупов көшелерінің қиылысында орын алған. Toyota Camry мен Toyota Land Сruiser 200 көліктерінің соқтығысуынан жол талғамайтын көлікте отырған 45 жастағы ер азамат пен оның 36 жастағы әйелі тіл тартпай кетті. Ол екеуінің 6 жасар ұлы түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген болатын. Ал, апатқа кінәлі жеңіл көліктің жүргізушісі болса оқиға орнын тастап қашып кеткен. Араға біраз уақыт салып ол полицияға өзі келді дейді ОҚО ІІД баспасөз қызметі.

Әнуарбек Маймақов, облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері:

- Жағдайы түскен кезде тым ауыр еді, бас сүйегі зақымданған, миына зиян келген. Бүйрегі ажырап, аяқтары сынған. Гемоглобині 60 еді. Біздің балалар ауруханасы күрделі мамандандырылған болғандықтан 1 сағатқа жетпей біз барлық мамандарды шақырып, балаға тез арада операция жасадық, қанын тоқтаттық. Сынған жерлеріне гипс қойып, балаға жан сақтау бөлімінде ем-дом жасалды. Бір айтарлығы – осындай ауыр жағдайда түссе де, бүгін сағат 11-де бала көзін ашып, өзіне келіп, іздеп келген туысқандарына жауап беріп жатыр.

Ақ халаттылардың айтуынша, аяқ сүйектері бір емес, үш жерден сынған балаға әлі бірнеше күрделі ота жасалуы керек. Егер, операция сәтті шықса, науқас аптаның соңғы күндері палатаға шығарылуы мүмкін.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары