Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Ақтөбе облысындағы газ тапшылығы фактісі бойынша тиісті тексерулерді жүргізуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кеше бұқаралық ақпарат құралдарында Ақтөбе облысында сұйытылған газдың тапшылығы мәселесі бойынша мәліметтер жарияланды. Газ құю стансаларында үлкен кезектер байқалуда», - деп тоқталған Үкімет басшысы селекторлық байланыс арқылы Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтан қазіргі жағдайды сұрады.
Өз кезегінде өңір әкімі газ мәселесі тұрғысында соңғы екі күнде тиісті шаралар атқарылып жатқандығын, кеше қосымша көлемде газ алынғанын атап өтті. Сонымен қатар, ол екінші мәселе газ сататын мекемелердің кейбіреулерінің жұмысына байланысты екенін жеткізді.
«Кеше прокуратураға, бюроға тиісті тексерулер жасау бойынша жүгіндік. Қазіргі кезде қажетті шаралар қолданылып жатыр. Біздің ойымызша, бүгіннен бастап газ бойынша проблема болмауы керек», - деді Б. Сапарбаев.
Бұдан бөлек, ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Ақтөбе облысында газбен қамтамасыз ету бағытында тіркелген төрт компания бар екенін айтты.
«Ай сайын министрлік аталған облысқа 5 200 тонна сұйытылған газ бөледі. Жалпы, жүз пайызын осы төрт компания алып кетеді және облыста сатады. Наурыз айында да бес мың тоннадан астам газды олар сатып алды. Бірақ бұл газ қайда жіберілгенін тексеру керек. Сондықтан бүгін екі лауазымды қызметкерді Ақтөбе облысына жібердім», - деді Қ. Бозымбаев.
Осы орайда Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев бұл мәселе жыл сайын туындайтынын айта келе: «Газ немесе бензин тапшылығы байқалады. Кімнің қай көлемде, қай жерге жіберілетінін жақсы білеміз. Қанат Алдабергенұлы, кемшіліктерге жол бермес үшін әкімдікпен бірлесе отырып, алдын ала жұмыстарды атқару керек. Егер де алдын ала алған газды сатпай ұстап отырса немесе шетелге шығаратындай іс-қимылдар жүретін болса, тиісті шаралар қолдану қажет», - деді.