Ірі жол көлік оқиғасы 27 наурыз күні Балқаш – Қарағанды тас жолының 50-шақырымында Ақсу-Аюлы ауылының іргесінде орын алған. Audi жеңіл көлігі мен Mercedes-Benz Sprinter жүк көлігінің соқтығысуы салдарынан 5 адам ажал құшты.
Ауди-80 көлігінің үш жолаушысы оқиға орнында көз жұмса, тағы бір жолаушысы мен жүргізушісі ауруханада бақилық болды. Полицейлердің болжамынша, жеңіл көлік жолдың қарсы бағытына шығып кетіп, жүк көлігімен бетпе-бет соқтығысқан.
"Қайтыс болғандардың барлығы Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары. Қазір аталған жол көлік оқиғасына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қарағанды облыстық Ішкі істер департаменті барлық жолаушылардан жолда сақ болуы сұрайды", - дейді аталған ведомствоның баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.
Айта кетейік, осы оқиғадан тура бір апта бұрын Қарағанды облысы Абай ауданына қарасты Спасск ауылынан 20 шақырым қашықтықта Mercedes пен Toyota көліктері соқтығысып, 5 адам көз жұмған болатын. Mercedes салонында болған үш адам Шымкент тұрғындары болса, Toyota көлігінде Алматыдан шыққан бүтін бір отбасы болған.