Бүгін Алматыдағы Алатау ауданының әкімі Шахмерден Рысбаев ағымдағы жылдың 11 айын қорытындылап, журналистер алдында есеп берді. Брифинг барысында аудан басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасыың жүзеге асуына ерекше тоқталды.
Сондай-ақ, баспасөз мәжілісінде Ш.Рысбаев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында да айтып берді.
– Биылғы жылы «Туған жер» бағдарламасы аясында аудан әкімдігі тарапынан жолданған 3 жоба бекітілген болатын. Олар: дат сәулетшісі Ян Гейлдің тұжырымдамасына сәйкес, «Саялы», «Алғабас» және «Ақбұлақ» ықшамаудандарында 3 жаяу жүргіншілер аймағының салынуы. Аталған аймақтарға 6 балалар ойындары алаңдары, мүмкіншіліктері шектеулі балаларға арналған 2 ойын алаңдары, 2 футбол және 2 баскетболға арналған алаңдар. Бүгінгі күні бұл жобалар толық жүзеге асырылды, - дейді Алатау ауданының әкімі Шахмерден Рысбаев.
Сондай-ақ, «Алғабас» ықшамауданында мемлекеттік-жеке серіктестік аясында көлемі 7700 шаршы метрді құрайтын 500 орындық жеңілатлетикалық стадион және аудан бойынша 5 спорт және ойын алаңдары ашылған.
Әкімнің айтуынша, жеке инвестиция есебінен «Рахат-Мәдениет» ықшамауданында 100 орынға арналған балабақшаның құрылысы басталды, «Алатау сити» тұрғын үй кешенінде 350 орындық балабақша салынуда.
– Алатау ауданының салық түсімдері 9 жылда 6,5 мллиард теңгеден 26 мллиард теңгеге жетті. Бүгінгі күні мемлекеттік бюджетке 25 млрд. 735 млн. теңге түсіп, жоспар 95 пайызға орындалды. Республикалық бюджетке 14 млрд. 790 млн. теңге түсіп, жоспар 87 пайызға орындалды. Жергілікті бюджетке 10 млрд. 946 млн. теңге түсті, берілген жоспар 109 пайызға орындалды. Бөлшек тауар айналымы 196 млрд. теңгені, көтерме тауар айналымы барлық қызмет түрі бойынша 400 млрд. 968 млн. теңгені құрады, - деді аудан әкімі.
«Индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында 490 гектар жер аумағын құрайтын Индустриалдық аймақтың құрылысы жүруде. Аталған аймақта тағам, фармацевтика, жеңіл, жиһаз, химия, көлік жасау, құрылыс өнеркәсіптері анықталған.
– Бүгінгі күні 40 жоба мақұлданып, нәтижесінде «БРБ АПК» ЖШС-ң көкөніс өсіруге арналған жылыжай кешені салынды. Сондай-ақ, 13 өнеркәсіптің құрылысы жүруде, 2 өнеркәсіптің құрылысы аяқталуда. Олар: қағаз мешоктар шығаратын «Алма ПАК ЛТД» ЖШС-ң зауыты және ғимараттардың архитектуралық сырқы келбетін жасайтын құрылыс материалын шығаратын зауыт. Биылғы жылы 257 млн. теңгеге 15 аулаға көріктендіру жұмыстары жүргізілді, - дейді Шахмерден Сыртбайұлы.
Сондай-ақ, әкім бүгінгі күні Алатау ауданының 13 ықшамауданында ауыз су мен кәріз құбырларын тарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Атап айтқанда, «Әйгерім-1,2», «Қарасу», «Ұлжан-1,2», «Дархан-Байбесік», «Шаңырақ-1,2», «Трудовик», «АЗТМ-Алғабас», «14 аумақ», «Ақбұлақ», «Өжет» және «Көк Қайнар» ықшамаудандары ауыз сумен қамтылмақ.
Сондай-ақ, брифингте белгілі болғандай, Алатау ауданы «Нұркент» ықшамауданында 600 орынға арналған жаңа мектеп салынуда, ауданның 6 мектебіне қосымша ғимарат салу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, ауданда 4 жаңа балабақшалар салынуда. «Алғабас» ықшамауданында 120 орындық, «Теректі» ықшамауданында 120 орындық, «Нұркент» ықшамауданында 320 орындық, «Саялы» ықшамауданында 320 орындық балабақшалар салынуда. Мемлекеттен жалпы бөлінген қаражат сомасы 2 млрд., 781 млн. теңгені құраған.
Ақбота Мұсабекқызы