$ 443.85  474.3  4.8

Алматылық жас суретшілер «Астана - арман қала» байқауына қатысты

Биыл ел астанасының Алматыдан Ақмола қаласына көшірілгеніне тура 20 жыл. Осынау айтулы күнге орай бүгінде республиканың түкпір-түкпірінде түрлі дәрежедегі іс-шаралар өтіп жатыр. Концерттер, әдеби кештер, Астана туралы кітаптардың тұсаукесері, түрлі байқаулар мен өзге де шаралар осы сөзімізге дәлел.

Сол шаралардың басым бөлігі Алматы қаласында өтіп жатыр. Мәселен, бүгін «оңтүстік астанада» мектеп оқушылары арасында «Астана – арман қала» атты жас суретшілердің байқауы өтті. Оған 8-15 жас аралығындағы 80 талантты жас суретші қатысқан. Олар алып шаһардағы 200 мектепте білім алып жатқан 200 мың оқушының арасынан таңдап алыныпты.

Байқау аты айтып тұрғандай Астана күніне арналған. Яғни, суретшілер елордамыздың көрікті орындарын бейнелеуі керек. Ал, бұл тақырыпта кез-келген баланың көсілетіні анық. Өйткені, Астананың зәулім ғимараттарын салу әр баланың сүйікті ісі.

«Мұндай байқаулар жиі өтіп отырады. Алайда, ол байқауларға балалар дайын жұмысымен келетін. Ал енді бүгінгі байқаудың ерекшелігі балалар осы жерде отырып, суреттерін салады. Бұның бір жағынан мұғалім көмектесті. Үлкен кісілер көмектесті деген күмін болмас үшін балалардың таза еңбегін көру мақсатында біз балаларды осы жерде отырып, суреттерін салуға осындай талап қойып отырмыз», - деді Алматы қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары, Ләззат ЖЫЛҚЫБАЕВА.

Айта кетейік, байқауды қалалық білім басқармасы ұйымдастырып отыр. Ал, балалардың суретін бағалауға Суретшілер одағының мүшелері көмекке келіпті. Олар жас суретшілердің арасында расымен де талантты, болашақ шеберлердің бар екенін мойындап отыр. Тек оларға бағыт-бағдарды дұрыс беріп, шығармашылық тәрбиесімен айналысу қажет дейді олар. Сурет салудан қол үзіп кетпесе болашақ Қастеевтердің Алматыдан көптеп шығатынына күмән жоқ.

Байқау соңында жеңімпаздар марапатталып қана қоймай, ең үздік суреттер Астанадағы балалар көрмесіне қойылатын болды. Ал, жеңімпаз атанған жас суретшілер республикалық байқауларға барып, өз бақтарын республикалық байқауда сынап көрмек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары