$ 498.55  524.28  4.75

Алматылықтар Елбасы күнін жаппай атап өтуде

Алматылықтар тұңғыш президент күнін биыл айрықша атап өтуде. Мейрам қарсаңында қаланың әр ауданында мәдени іс-шаралар мен танымдық бағдарламалар ұйымдастырылды.

Мәселен, Медеу ауданында қоғамның тыныс-тіршілігіне сүбелі үлес қосып жүрген азаматтар арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Бұдан бөлек Елбасының өмірбаяны мен еңбек жолына арналған 100-ге жуық тарихи құжат пен кітаптар көрмесі ел назарына ұсынылған. Көрме сөресіне президент күнін заңды түрде мереке ретінде атап өту туралы құжат алғаш рет қойылыпты.

«Бірінші рет біз осы жерге ҚР Президентінің Заңын қойып отырмыз. 14 желтоқсан 2011 жылы сол заң бекітіліп, 2011 жылдан бастап 1-желтоқсан «Тұңғыш Президент» күні деп атап өтіп жатырмыз», - деді ҚР президентінің архиві құжаттарды пайдалануды ұйымдастыру басқармасының басшысы Бөлеген ҚАСЕНОВ.

Сондай-ақ, бұл мерекелік датаны Әуезов ауданының тұрғындары да атап өтті. Салтанатты жиында елбасының дара жолы бейнеленген деректі фильм көрсетілді. Шара ауданның дамуына серпін қосып жүрген азаматтарды марапаттаумен жалғасын тапты.  Ал Алмалы ауданы елімізге белгілі эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік кеш ұйымдастырып, келушілерді әсем әнге қарық қылды.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті күні — 1 желтоқсанда жыл сайын аталып өтетін Қазақстандағы мемлекеттік мейрам. 2011 жылғы 10 желтоқсанда парламент сенатының толық отырысында «Қазақстан Республикасының мерекелері туралы» заңына толықтырулар енгізу туралы» заңнамасына қол қойылды. Қазақстан Республикасының алғашқы президент күнін атап өту Қазақстан Республикасының президенті — Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекет алдындағы дүр жетістіктерін тану мақсатымен ұйымдастырылған.

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің бірлігін, конституциясын, адам мен адамзаттың құқықтарын және бостандықтарын қорғауды қамтамасыз еткен жаңа тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы екендігі ешкімде де дау тудырмасы анық жайт. Осыған орай аталған Заңның қабылдануы арқылы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Республикаға сіңірген ғаламат зор еңбегі танылған болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары