$ 448.89  477.93  4.76

Алматылық оқушылар арасында «Туған жерім!» тақырыбында байқау өтті

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биыл сәуір айында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялаған болатын. Бағдарламалық мақала бір жағынан үкіметке де, қоғамға да бірқатар маңызды тапсырмалар жүктеді. Яғни, Елбасының бұған дейінгі жолдаулары мен бағдарламалары экономиканы тіктеуге бағытталған болса, бұл жолғысы руханиятты жаңғыртуға, қоғамдық сананы жаңғыртуға негізделіп отыр.

Осынау бағдарлама бірнеше басым бағыттан тұратыны белгілі. Солардың бірі – «Туған жер» бағдарламасы. Аталған идеяның мақсаты – жастардың бойында туған елге деген сүйіспеншілікті, патриоттық сезімдерді ояту болып табылады. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін бүгін Алматыдағы №13 орта мектепте оқушылар арасында «Туған жерім!» атты байқау басталды.

Байқаудың мақсаты – оқушыларға туған өлке тарихын зерделеуге, таным түсінігін кеңейтуге көмектесу; асты мұнайға, үсті адами рухани құндылыққа толы қасиетті, киелі өлке туралы білгендерін ортаға салғызу; елін, жерін, тілін, әдеп-ғұрпын құрметтейтін, өз Отанын сүйетін тұлға қалыптастыру. 

Іс-шара барысында оқушылар 4 топқа бөлінді. I топ «Туған жер – алтын бесік!» тақырыбында, өзіндік ой мен көзқарастың жүйелі болуы критерийіне сүйене отырып сурет салды. II топ «Туған жер!» тақырыбында ақындардың өлеңдерінен мәнерлеп нақышына келтіріп айтып, дауыс интонациясын сақтай отырып, өлеңдер оқыды. III топ «Туған жер!» тақырыбындағы викториналық сұрақтарға сөз әдебін, тіл сауаттылығын сақтай отырып, фразеологиялық тіркестерді қолданып, өзіндік ойы мен көзқарасын жүйелі айтып, жауап жазды. IV топ «Туған жерім!» тақырыбына эссе жазды. 

Оқушылар іс-шараға белсенді қатысып, туған жерлерін сүйетіндіктерін, өз туған жерінің адам өміріндегі маңызы мен рөлін түсініп, туған жер туралы ақын жазушылардың өлеңдерінен мағлұмат алып, сұрақтар арқылы ойларын дамыта білді. Сонымен қатар, оқушылардың белсенділіктері үшін № 13 жалпы білім беретін мектептің бастауыш партия ұйымының төрайымы, қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі К. А. Айтбаева алғысын айтып, оларға жарқын болашақ тіледі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары