Батыс Қазақстан облысындағы Сырым ауданында жат ағымға арбалған замандастырымыз бар. Соларды «залалсыздандырумен» және көпшілікке, соның ішінде жастарға дәстүрлі дінімізді кеңінен насихаттау бағытында «Жайық таңы» қоғамдық бірлестігі мен «Сырым» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы белсенді жұмыс жүргізіп келеді.
Таяуда аталмыш қоғамдық ұйымдар Жымпиты ауылында «Дәстүрлі емес діни ағымдарға қарсы діни сауатты арттыру» тақырыбында үлкен семинар ұйымдастырды. Бұл шараға аудандық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері, мекеме-кәсіпорын басшылары, ауыл әкімдері, мұғалімдер, жастар, қоғамдық ұйым өкілдері, имам-молдалар қатысты.
Жиынға арнайы келген БҚО дін мәселелерін зерттеу орталығының мамандары мен Тәжиден Батырұлы атындағы Орал қалалық мешітінің қызметкерлері қазіргі қоғамдағы жат ағымдар мен дәстүрлі дініміздің айырмашылығы туралы кеңінен баяндады. Бұл бағытта бейнероликтер көрсетіліп, теологтар тарапынан оларға талдау жасалды.
Еліміздегі діни тұрақтылықты сақтау, ұлтаралық келісім мен ынтымақтастықты насихаттауды мақсат еткен семинарға қатысушылар
Мәңгілік Ел құрғымыз келсе, әр азамат жақсы менен жаманның байыбын бағамдауы шарт екенін айтты.
– Қазақстан бүгінде жүзден астам этностың және 18 конфессияның өкілдері үшін де қасиетті шаңыраққа айналып отыр. Бұл Қазақстан халқының саяси мәдениетінің биік деңгейге көтерілгендігінің нышаны. Біле білсек, бұл – Тәуелсіздігіміз кезінде қолжеткізген маңызды жетістігіміздің бірі болып табылады. Зайырлы мемлекетімізде дінді ұстану мен оған қызмет ету ерікті болғанымен, дәстүрлі дінге, қоғамның тыныштығына нұқсан келтіретін діни ағымдардың таралуына тосқауыл болу – әркімге де міндет. Сол себепті бұл істен ешкім де сырт қалмағаны жөн,– деді семинарда «Сырым» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының төрағасы Ержан Жұмағожиев.
Жиынға қатысушылар бүгінде қоғамымыздағы дін саласында келеңсіздіктер мен жат көріністер бой көрсетуі негізі білімсіздіктен туындап отырғанын жеткізді. Кертартпа күштер әлдебір рухани күйзеліске ұшыраған, қоғамның назарынан, қамқорлығы мен қайырымдылығынан тыс қалған, көпшілікке өкпесі мен өкініші бар отандастарымыздың, әсіресе, жастарымыздың жүректеріне күмән салатыны да айтылды. Сол себепті оған уақтылы тегеурінді тосқауыл қою шаралары да назардан тыс қалмағаны жөн. Сонда ғана мемлекеттік мүдде, жалпыұлттық идея, халықты жаңа заман талаптарына бейімдеу толыққанды іске аспақшы.
Ернар ХАЙДАР