$ 494.87  520.65  4.91

«Еш себепсіз кетіп қалды»: Алматы облысында көкек ана күйеуін бес баласымен бірге тастап кеткен

Алматы облысы Көксу ауданында тұратын 51 жастағы азамат алты жылдан бері бес баласын жалғыз өзі асырап келеді. Ал кәмелетке толмаған бүлдіршіндерін тастап кеткен көкек ана осы уақытқа дейін алимент төлеуден қашып жүрген көрінеді. Бүгінде оның берешегі төрт млн теңгеге жақындаған деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.

Бақтияр Жүніс төрт қызы мен жалғыз ұлын тастап кеткен жұбайы туралы ештеңе айтқысы келмейді. Ол бүгінде жұмыс істеп, ақша табудан бөлек, балаларының тәрбиесі мен оқу үлгеріміне де жауап береді.

«Айтатындай ештеңе жоқ. Еш себепсіз кетіп қалды. Тауым шағылды, сағым сынды деп тағдырыма өкпе айтқан емеспін. Ер болған соң, еңсемді тіктеп, басқа түскен қиындықпен күресіп келемін», –  дейді жалғызбасты әке.

Отағасы әйелін оралар деген үмітпен біраз уақыт күткен екен. Алайда қазір ол үмітінің сейіліп, сенімінің жоғалғанын айтады.

Сотқа түскен шағымнан кейін «көкек ана» аналық құқығынан айырылып, алимент төлеуге міндеттеліпті.

«Бүгінгі таңда борышкердің қарызы 3 миллион 635 мыңнан астып тұр. Алайда, борышкер бүгінгі таңда табылмай жатыр. Енді сотқа іздеу жариялауға келесі аптаға ұсыныс жасап жатырмыз», – дейді жеке сот орындаушы Ермек Тазабеков.

Алайда жалғызбасты әкенің бар мақсаты алимент өндіру емес. Бүгінде мал дәрігері болып қызмет атқаратын ол 70 мың теңге жалақы алады. Мемлекеттен берілетін 10 мың теңге жәрдемақысы да бар.

Дегенмен, бұл қаражаттың шиіттей бала-шағаға жетпейтіні түсінікті. Бірақ «қол-аяғым сау болса, ұл-қызымды асырап жеткіземін, бастысы, балаларым аман болса», – дейді азамат.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары