$ 444.22  476.38  4.82

100-ден астам ауылдың жабылу қаупі бар. Қайтпек керек?

Елімізде жалпы 6561 ауыл бар екен. Оның 3,5 мыңында халық саны 500 адамнан аз десек, тағы 500-ге тарта ауылдың тұрғындары 50 адамға да жетпейді.
фото: abai.kz
фото: abai.kz

Ұлттық экономика министрінің орынбасары Ермек Алпысов қазір елімізде 100-ден астам ауылдың орнын сипап қалатын түріміз бар екенін мәлімдеді. Оған дейін 59-ы жабылып тынған. Атап айтқанда, Қызылорда облысының 28, Шығыс Қазақстан облысының 16 және Солтүстік Қазақстан облысының 15 елді мекені жоқ, деп хабарлайды Sn.kz ақпараттық порталы.

«Ауыл – ел бесігі» дейміз. Қазақтың түп тамыры – қалада емес, сол далада екені аян. Алайда, тәуелсіздік алған 30 жыл шамасында кеңестік кезеңде төскейде төрт түлігі өріп, дүркіреп-ақ тұрған шалғайдағы елді мекендердің шаңырағын шайқалтып, түтінін сирете түстік. Жермен-жексен болған қаншама қарашаңырақтың орнына қарсақ сарып, қарға саңғытып жүр.

Министрлік өкілінің мәліметінше, елімізде жалпы 6561 ауыл бар екен. Оның 3,5 мыңында халық саны 500 адамнан аз десек, тағы 500-ге тарта ауылдың тұрғындары 50 адамға да жетпейді. Сол себепті, «ҚР Әкімшілік-аумақтық құрылысы» туралы заңның 8 және 11-бабына сәйкес, облыстық өкілдік және атқарушы органдар халық саны 50 адамнан кем елді мекендерді тарату жұмысын әлі де жалғастыра бермек. Онсыз да қазір шаруашылық техникасы мен мыңғырған малынан айырылған жұрт тұрмыс қамымен туған жерінен жырақтап, Ақорданың алдында баспана сұрап шуылдап жүр.

«Әрбір саланың өз стандарты бар» деген Ермек Алпысов, егер бала саны 15-тен төмен болса, ол ауылдағы орта мектептің жабылатынын алға тартты. Кейбір жерде жабылып та қалған.

«Сол себепті, дамымай отырған ауылдарға әлеуметтік нысандарды салудың қажеті жоқ шығар деп ойлаймын. Бізде ол жерлерге 200-300 миллион теңге тұратын су жүйелерін тартуға мүмкіндік жоқ», – дейді Ұлттық экономика министрінің орынбасары.

Өйтпегенде ше?!. Тіпті, осы министрлік құжаттарының тігіндісінде «Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру шеңберінде бағдарламаға қатысушыларды экономикалық даму әлеуеті төмен ауылдардан облыстық, аудандық маңызы бар қалаларға, экономикалық өсу нүктелеріне көшіру көзделген» деген шешім де қатталып-шотталып тұр.

Билікте береке болса, барлық ауылды сол бұрынғыша сақтап қалуға мүмкіндік зор еді. Кейінгі тура 28 жыл демей-ақ қояйық, 15-20 жыл ішінде жергілікті халықты егін, бау-бақша, мал, құс, балық шаруашылығымен айналыстырып, әрбір аудан орталығынан неге солардың ет, сүт, терілерін өндіретін шағын өнеркәсіп кешендерін ашып тастамасқа?! Бұрын бәлен жыл тек малын сатып қана жан баққан қазақ, қазір де әлгіндей өндіріс ошақтарына өз шикізатын өткізіп отырып-ақ күнін көре алатын еді ғой. Халықтың малына нарықпен қарық қыламыз, шетелдік тауықпен асырай аламыз деп бартер жасаған үкіметтің ең басты қателігі сол болды негізі. Енді оларды ауыл шаруашылығына қажетті жағдаймен қайта қамдаймыз десе, әлде де кеш емес. Сол сәтте ешкім жылы орнын суытып, Бәйтеректің түбінде қалғып-мүлгіп отырған шен-шекпенділердің ұйқысын бұзбайды.

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары