Жезқазғандағы саябақтардың бірінде 10 жасар қызды зорлағалы жатқан жерінен ұсталған жігіт Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны болып шықты. Кішкентай қызға күш көрсетіп жатқан жерінен оны кездейсоқ куәгерлер байқап қалып, ұстап алған деп жазады Tengrinews.kz.
Куәгерлердің айтуынша, жас жігіт мектеп оқушысын бұталардың арасына қарай сүйреп, жерге құлатып, үстіне шығып қылқындыра бастаған. Қыздың айғайын естіген екі ер азамат дереу жүгіріп келіп, жеткіншекті құтқарып алыпты. Ұсталған жігіттің өзі болса полицейлер келгенге дейін ешқандай қылмыс жасамағанын және өзін босатуын жылап сұраған. Мұны куәгерлердің бірі бейнекамераға жазып алыпты. Ал оқиға орнына келген тәртіп сақшылары күдіктіні ішкі істер органдарына алып кетті.
Облыстық ІІД өкілдерінің айтуынша, 23 жастағы ер азамат қазір қамауға алынып, оның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр екен.
"19 қыркүйек күні кезекшілік бөлімге Жезқазған қаласының 38 жастағы тұрғынынан қоңырау түскен. Ол 10 жасар қызды зорламақ болған жерінен белгісіз ер азаматтың ұсталғанын хабарлады. Оқиға орнына барған полицейлер 23 жастағы Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғынын ұстап, қамауға алды. Қазіргі таңда оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде", - делінген ІІД таратқан хабарламада.