Жезқазғандағы саябақта ұсталған Өзбекстан азаматы 10 жасар қызды зорлау ойында болмағанын айтып отыр. Оны куәгерлер 19 қыркүйек күні оқиға үстінен ұстап алған болатын деп жазады Informburo.kz.
Куәгерлердің айтуынша, 23 жастағы жігіт оқушы қызды жерге жатқызып алып, қылқындырған. Зорлағалы жатқан кезде екі ер азамат келіп, қызды құтқарып қалыпты. Ал, өзбек жігіт болса мұның өтірік екенін айтып отыр.
"Ұсталған азамат күдікті ретінде тергелді. Кішкентай қызға шабуыл жасағанын жоққа шығармаған ол зорлық-зомбылық көрсету мүлдем ойында болмағанын мәлімдеуде", - дейді Қарағанды облыстық прокуратурасы Екінші басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тұрсынов.
Прокурорлар сондай-ақ, күдіктінің 2013 жылы әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын да айтып отыр. Ол кезде Өзбекстан азаматы Қазақстанда болу ережелерін бұзған екен. Ал, бұл жолы оның көші-қон құжаттарында проблема жоқ, күдікті Қазақстанға жұмыс істеу мақсатында келген.
Қазіргі таңда ұсталған жас жігіт қамауда. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Егер күдіктінің айыбы дәлелденсе ғана ол педофилдік қылмыс жасағаны үшін жауапкершілікке тартылады.