Қауға сақалды ер азаматты ата-аналар ұялы телефонның камерасына түсіріп үлгерген. Оның суретін қазір WhatsApp мессенджері арқылы бір-біріне таратып, сақ болуларын ескертуде.
Оқиға Астанадағы №76 мектеп аумағында болған көрінеді. Оқу орнының ғимаратына жақын келген сақалды азамат оқушыларға уағыз айтып, оларды әңгімеге тартады екен. Ата-аналарда зәре қалмаған.
Күдікті ер азаматтың суретімен бірге WhatsApp арқылы шағын хабарландыру да тарады. Онда 24 қазан күні сағат 13:25 шамасында №76 мектептің аумағында сақалды ер азаматтың 4-5 сынып оқушыларына уағыз айтып жатқаны жазылған. Бұл хабарламаны осы оқиғаға куә болған ата-ананың құрбысы таратып отыр.
«...Кері қайтып оқушылардан сұрапты: "мына кісіні танисыңдар ма?" деп. Балалар танымайтынын айтқан. Кейін ол айғайға басып, әлгі сақалдыны қуып жібермек болыпты. Ер азамат көлігіне отырып, есігін іштен жауып алған. Құрбым оны және оның көлігінің номерін суретке түсіріп үлгеріпті. Сондықтан, ата-аналарға балаларымен әңгіме жүргізуді сұраймын. Мен "Саранда" тұрғын үй кешенінде тұрамын, құрбым да осында. Бұл хабарлама спам емес. Ертең құрбым мән-жайды анықтау үшін мектепке қайта барады. Бәлкім ол кісі біреудің әкесі болар. Бірақ, сақтанғанымыз дұрыс», — делінген аталған хабарламада.
Астана қалалық ІІД-нің баспасөз қызметі болған жайтқа қатысты тексеру жүргізіп жатқанын мәлімдеді.