$ 448.56  478.03  4.79

Ақтауда мектеп түлектерінің 64 пайызы миллионер болуды армандайды

Бұл өңірде жүргізілген аноноимді тестілеудің нәтижесі. Тестілеу Маңғыстау облысы мен Ақтаудағы 10 мектепте 9-11 сынып оқушылары арасында жүргізілді. Шараны ұйымдастырған мамандардың айтуынша, тест нәтижесі аса жақсы емес. Оқушылар арасында ата-ана назарына мұқтаж балалар табылған. Тіпті, кейбірінің бойынан суицидке бір табан жақындық та байқалыпты. Жалпы, тестілеудің нәтижесі туралы психолог-маман Александра Яковлева айтып берді.

Тестілеуге барлығы 489 бала қатысқан. Қанша жалақы алғың келеді деген сауалға оқушылардың 64 пайызы миллионнан жоғары цифраларды көрсетіпті. Екі пайызы жалақының көлемі маңызды емес десе, тағы 30 пайызы «өмір сүруге жетсе болды» деп жауап берген.

- Жалақыларын тым асыра көрсеткендер де бар, ол жаман емес. Бәлкім, болашақта шынымен де ол оқушылар миллиондап жалақы алып жатар. Бірақ, мәселе ақшаны қанша тапқанда емес, қалай жұмсағанда болып тұр. Ата-аналар қазірден бастап балаларына үйдің бюджетін қалай жүргізу керектігін үйретуі тиіс. Қолына қалам мен қағаз беріп, күнделікті жаратқан ақшасын жазып жүруді талап етіңіз. Міне, бюджетті қалыптастыру осыдан басталады, - дейді А.Яковлева.

Тестілеуге қатысқан балалардың 5 пайыздайы өмірлерінде жұмыс істеп, алғашқы ақшаларын тауып үлгеріпті. Көбі жазғы демалыста еңбекпен айналысқан. Сондай-ақ, оқушылардың барлығына жуығы болашақ мамандықтарын қазірден анықтап қойған. Олардың жартысы алға қойған мақсаттарына жететініне сенімді.

Төрт баланың өзіне деген сенімділігі тым жоғары. Олармен психолог жұмыс істесе артық болмайды, - дейді психолог-маман.

Ал, болашақ мамандығыңды таңдауға кім көмектесті деген сауалға оқушылардың 34 пайызы «ешкім» деп жауап берген.

- Бұл жерде «ешкім» дегеннен гөрі «өзім» деп жауап берген дұрысырақ. Өйткені, «ешкім» деп жауап берген 160 балаға ата-ана назары жетіспейтінін аңғаруға болады. Бұл жақсы емес. Балаға ақыл-кеңес беретін адам керек, - дейді Александра Яковлева.

Егер бала ата-анасымен сырласпаса, мектептегі өмірімен бөліспесе, өзінің қорқынышы мен қуанышы туралы айтпаса онда оның достары арқылы жол табуға болады.

- Балаңыздың достарымен немесе еқұрбыларымен сөйлесіп көруге тырысыңыз. Үйге шайға шақырыңыз, дастархан басында өз кәсібіңіз туралы айтып беріңіз. Оны таңдауға сізге кімнің көмектескенін де айтыңыз. Досы болса балаңызға болған әңгіменің бәрін айтып береді. Бұл да оның кәсіп таңдауына септігін тигізбей қоймасы анық, - дейді ол.

Соңғы «Егер ЖОО-ға түсе алмай қалсаң – бұл соншалықты қорқынышты ма?» деген сауалға 160 бала «иә» деп жауап берсе, 21 оқушы «өте қорқынышты, өліммен бірдей» деп жауап қалдырған.

Психолог-маманның айтуынша, бұл балалардың ата-аналары дереу тәрбие жұмысымен айналысуы керек. Өмірдің ҰБТ-мен аяқталмайтынын түсіндіруі қажет.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары