$ 494.87  520.65  4.91

БҚО-да балалар жерленіп, ауыл халқы қайғырды

Ені жалпақ болмағанымен, жағасы жарқабақ келген Шаған өзеніне ішінде үш бала бар көлік күмп етіп құлаған. Дем жетпей кеткен екі бала бір отбасынан, тағы бірі – туысы.
фото: pixabay.com
фото: pixabay.com

Батыс Қазақстан облысында қаза болған 6, 7 және 9 жастағы бүлдіршін бүгін жер қойнына берілді. Марқұмдардың денесін тек құтқарушылар әзер шығарып алған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, КТК арнасына сілтеме жасап.

Автокөлік ішінде отырған үш бала өзенге құлап, көліктен шыға алмай тұншығып өлген еді. Қайғылы оқиға табиғат аясындағы отбасылық демалыс кезінде болды. 

Бүгін Достық ауылы қара жамылып тұр. Тұрғындардың барлығы қаралы хабардан қабырғасы қайысты. Қайғылы кездейсоқтық екі отбасын да қан жұтқызды. Өткен сенбіде отбасының үлкендері бала-шағасымен өзен жағасына демалуға барған. Ойын балалары жағада тұрған көлікке кіріп шығып жүреді. Бір сәтте темір тұлпар еңіске қарай құлдилайды. Ені жалпақ болмағанымен, жағасы жарқабақ келген Шаған өзеніне ішінде үш бала бар көлік күмп етіп құлаған. Дем жетпей кеткен екі бала бір отбасынан, тағы бірі – туысы. Әлеуметтік желіде бұл оқыс оқиға ашуланғандар көп. «Ересектер қайда қараған?» деген жазбалар пайды болды. Ал ауыл тұрғындары қан жұтқан отбасын қаралауға болмайтынын айтады. 

"Өте үлгілі отбасы, екеуі де жұмыс істейді. Алысқа қатынайтын жүргізушілер. Жаман отбасы деп айта алмаймыз. Бұл қайғы, құдайдың әмірімен болған қиын оқиға. Жаман сөз айтып жатқан кісілердікі дұрыс емес. Олар ішкіш емес, үлгілі, тәртіпті балалар", - деді Достық ауылының тұрғыны Мағия Оспанова. 

 Полиция сағат кешкі бес шамасында шақырту түсе сала, оқиға орнына жеткен. Бірақ көліктегі баларды құтқаруға қауқары жетпепті. 

"Полиция қызметкерлерінің оқиға орнына тез жетіп, суға секіргеніне қарамастан, балаларды аман алып шығу мүмкін болмады. Қайғылы оқиғаның басты себебі: балалар отырған автокөлік тұраққа қоятын тежегішке қойылмаған. Қасында болған басқа адамдар көлікті тоқтата алмаған", - деді БҚО ПД ресми өкілі Болатбек Белгібаев.

Суға батқан көлікті тек құтқарушылар шығарып алды. Оқиғаның бүге-шігесін енді полиция анықтауы тиіс. Абайсызда адам өліміне әкелген қауіпті жағдайда қалдыру бабымен қылмыстық іс қозғалды. Егер ересектердің бірі кінәлі деп табылса, 5 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.   
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары