$ 512.83  600.58  6.36

«Альмираның қатысы жоқ»: Ақан Сатаев бұрынғы әйелінің сұхбатынан кейін мәлімдеме жасады

Режиссер ажырасу себептері ресми некенің бұзылуынан әлдеқайда бұрын қалыптасқанын атап өтті.

Коллаж: sn.kz
Коллаж: sn.kz

Белгілі режиссер Ақан Сатаев әлеуметтік желіде бұрынғы әйелі Назира Бақаеваның сұхбатына жауап ретінде ресми мәлімдеме жариялады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

«Мен әрдайым жеке өмір жеке болып қалуы керек деп есептеймін. Алайда бұрынғы жұбайым Назира тарапынан күтпеген жария мәлімдемелерге байланысты, алыпқашпа әңгімелер мен фактілердің бұрмалануына, әсіресе балаларыма қатысты қысымға жол бермеу үшін, түсініктеме беруді қажет деп санаймын», – деп жазды ол.

Режиссер ажырасу себептері ресми некенің бұзылуынан әлдеқайда бұрын қалыптасқанын атап өтті.

«Біздің ажырасуымыздың себептері нақты бөлек шығудан және некенің ресми түрде бұзылуынан әлдеқайда бұрын қалыптасқан. Бұл себептер тек Назира екеуіміздің жеке келіспеушіліктеріміз бен қарым-қатынасымызға байланысты болды. Басқа кісілер ажырасуға себеп те, сылтау да болған жоқ. Біз бұл мәселені бірнеше рет талқылап, ортақ шешімге келдік. Әрине, бұл туралы балаларымызбен де сөйлестік», – деді Сатаев.

Ол ажырасу мәселесінде үшінші тұлғалардың болмағанын нақтылап өтті.

«Ажырасуға дейін де, ажырасу процесінде де, одан кейін де Назира ажырасудың себебі ретінде басқа бір адамды, соның ішінде Альмираны атаған емес», – деп жазды режиссер.

Сатаев қазіргі мәлімдемелердің күтпеген жағдай болғанын айтты.

«Қазіргі мәлімдемелер мен үшін күтпеген жағдай болды және олар қоғамдық пікірді манипуляциялау әрекеті сияқты көрінеді. Оның үстіне, Назира бұл сұхбатында біздің қарым-қатынасымыздағы келіспеушіліктер 2016 жылдан басталғанын, яғни “Томирис” фильмі түсірілуінен әлдеқайда бұрын болғанын өзі де айтып отыр», – деді ол.

Балаларға қатысты барлық мәселелер алдын ала келісілгенін жеткізді.

«Ажырасуға, кейінгі тұрмыс жағдайына, балаларды тәрбиелеу және олармен қарым-қатынасқа қатысты барлық мәселелер біз бен балалар арасында алдын ала талқыланып, келісілген», – деп жазды Сатаев.

Режиссер Назираға балалармен бірге тұруды бірнеше рет ұсынғанын айтты.

«Мен Назираға балалармен бірге осы үйде тұра беруді бірнеше рет ұсындым, алайда ол өзі бөлек тұру туралы шешім қабылдады», – деді ол.

Материалдық қолдау көрсетілгенін де нақтылады.

«Мен Назираның таңдауы бойынша үш бөлмелі пәтер сатып алып, оны оның жеке меншігіне бердім, автокөлікті қалдырдым, сондай-ақ қаржылай қолдау көрсетуді және өз міндеттемелерімді орындауды жалғастырып келемін», – деп жазды режиссер.

Қазіргі таңда балалар әкелерімен бірге тұрып жатқанын айтты.

«Балалар менімен бірге тұруды қалайды. Қазіргі уақытта олар менің жауапкершілігімде және қамқорлығымда. Сонымен қатар, үлкен қыздарымыз тұрмысқа шығып, өз өмірлерін құрып жатыр», – деді ол.

Сатаев балалардың анасымен қарым-қатынасына кедергі болмағанын баса айтты.

«Мен ешқашан балалардың аналарымен араласуына кедергі келтірген емеспін және келтіріп отырған жоқпын. Балалардың анасының жанында тұру мүмкіндігі болды және қазір де бар, алайда оларға осы үйде тұру ыңғайлырақ», – деп жазды ол.

Режиссер жаңа некесіне де тоқталды.

«Ажырасқаннан кейін төрт жыл өткен соң біз Альмирамамен неке қиып, ресми түрде некемізді тіркедік. Бұл шешім балаларымыз бен жақындарымыздың келісімі және батасымен қабылданды», – деді Сатаев.

Сондай-ақ Альмира мен оның ұлының отбасымен бірге тұрып жатқанын айтты.

«Менің өтінішім бойынша және балалардың келісімімен Альмира мен оның ұлы бізбен бірге осы үйде тұрып жатыр. Мен оған түсіністігі мен қолдауы үшін алғыс білдіремін. Біздің отбасымыздың барлық мүшелері арасында қазір өзара сыйластық пен мейірімге негізделген байланыс қалыптасты», – деп жазды ол.

Фильмдеріне қатысты айтылған пікірлерге де жауап берді.

«Фильмдерімнің сценарийлеріндегі “бірлескен автор” мәселесіне келсек, өз фильмдерімді түсіру барысында мен расымен де туған-туыстарыммен, жақындарыммен ақылдасамын, олардың пікірін сұраймын — олар менің алғашқы көрермендерім. Олардың кеңесі мен пікірлері жоба үшін “бірлескен авторлық” деп аталатынын ойламаймын», – деді режиссер.

Жазбасының соңында ол бұл тақырыпты жабық деп есептейтінін мәлімдеді.

«Осы түсініктемені жеткілікті деп есептеймін және бұл тақырыпты қозғап, талқылауды жоспарламаймын. Жаңа жыл құтты, берекелі және қуанышқа толы болсын!», – деп түйіндеді Ақан Сатаев.

 

 

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары