Актер салтанатты кездесу барысында Armour of God: Ultimatum («Доспехи бога: Ультиматум») халықаралық көркем фильмінің түсірілімі жайлы айтып өтті.
Әлемге әйгілі қытайлық атақты актер Джеки Чанға Алматыда қазақстандықтардың атынан шапан кигізілді. Қазақы сый-құрмет көрсету кино жобасын қолға алғандар мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен өтті. 72 жастағы актер үстіне жабылған оюлы шапан пен тақияға ризашылығын білдіріп, қазақстандықтарға алғыс айтты, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы.
Актер салтанатты кездесу барысында Armour of God: Ultimatum («Доспехи бога: Ультиматум») халықаралық көркем фильмінің түсірілімі жайлы айтып өтті. Сонымен қатар қазақстандықтарға ризашылығын білдірді.
«Осындағы және барлық адамдарда тек қуаныш болсын. Мен біздің түсіретін киномыздың жақсы болып, адамдарға ұнайтынын білем, барлықтарыңызға көп рахмет», - деді Джеки Чан.
Бұл фильмнің түсірілімі тек Қазақстанның көрікті жерлерінде ғана емес, Гонконгте де жалғасады. Ұйымдастырушылардың сөзінше, бұл шара қазақстандық кино өндірісінің жаңа кезеңге шығуы саналады.
Ал Джеки Чанның кинода басты рөлде ойнауы Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға қосып отырған үлесі болмақ.
Әрі бұл жоба еліміздің мәдени, туристік және инвестициялық әлеуетін ілгерілетуге, кинотуризмді дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және Қазақстанды әлемдік деңгейдегі ірі киножобаларды түсіруге қолайлы заманауи алаң ретінде кеңінен танытуға ықпал етпек.