Қазақ эстрадасының жұлдызы Марат Омаров немересі Көзайымның жағдайын барынша жасауда. Өнер иесі ұлының некесіз туған қызына Түркістан қаласынан үш бөлмелі пәтер сыйлаған деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Марат Омаров жомарттық танытып, немересіне баспана сыйлағаны туралы КТК арнасындағы "Астарлы ақиқат" бағдарламасында айтты. Ол кішкентай Көзайымның болашағы үшін барын салып, өз аталық қызметін атқармақ.
"Шынымен, қуанышты хабар айтқым келеді. Түркістан шаһарына барып, жаңа елді мекенде үш бөлмелі баспанаға ие болды. Негізі, көбейіп жатқанымыз қуантарлық жағдай. Ал енді мен келінім Кәмшатқа риза болатыным, ол - сегіз қырлы, бір сырлы. Ол кәсіби тігінші екен. Тігін шебері. Келінім сымбатты, ұқыпты әрі пысық. Сол барған кезде ол тігінші болғандықтан, оған тігін машинасын сатып алып бердік. Енді бұдан былай ол Көзайымға әртістік көйлек тігіп, келесі жолы атасына да жаңа костюм тігіп береді деген үміттеміз" , - деп ағынан жарылды Марат Омаров.
Бұған дейін Түркістан тұрғыны Кәмшат Таубай Марат Омаровтың ұлы өзін жүкті етіп, тастап кеткенін жайып салған болатын. Нәтижесінде бойжеткен одан Көзайым деген қызды дүниеге әкелген. Бұл жағдай ел арасында бірден қызу талқыға түскен.
Жүргізілген ДНҚ сараптамасы нәтижесінде кішкентай Көзайым Азамат Омаровтың туған қызы екені расталып шықты. Содан бері, жұлдызды әкесі барынша қызының көңілін табуға тырысып жүр.