$ 514.65  544.6  5.17

Бүгін – ақын, әнші, композитор Жаяу Мұсаның туған күні

Әнші бейнесі көркем шығармаларда, З.Ақышевтің «Жаяу Мұса» романында сомдалған.
Сурет: adyrna.kz
Сурет: adyrna.kz

188 жыл бұрын Павлодар облысы Баянауыл ауданында (1835-1929) әнші, ақын, композитор Жаяу Мұса Байжанұлы дүниеге келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жастайынан халық музыкасымен, ауылға келіп-кетіп жүрген әнші-күйшілер өнерімен танысады. Өзі де ән салып, домбыра тартады. 1851 жылы Қызылжарға келіп, орыс тілін үйренеді. Ол домбыра, қобыз тартумен қатар, сырнай мен скрипкада ойнауды меңгереді. Қаладағы оркестрлердің, әншілердің орындауындағы концерттерді қызыға тыңдайды. Бұл оның музыкалық-эстетикалық талғамын қалыптастыруда үлкен рөл атқарды.

Жаяу Мұсаның Шоқан Уәлихановпен бірге жүруі, Ыбырай Алтынсариннің өлеңіне («Кел, балалар, оқылық») ән шығаруы, өлеңмен күнделік жазуы, Абайға өлең арнауы, Л.Н.Толстой кейіпкерінің атын баласына қоюы оның заман лебін терең сезінгендігін байқатады. 1854 жылы Омбы қаласындағы орыс мектебінде оқыған. Осындағы кітапханадан Санкт-Петербург, Мәскеу, Қазан, Орынбор, Ақмола, тағы басқа қалаларда шығатын газет-журналдармен, кітаптармен танысады. Жаяу Мұсаның тырнақалды туындысы «Қыздар-ай» Омбыда дүниеге келді. Ол туған ауылына сауатты азамат, музыкалық аспаптарда шебер ойнайтын өнерпаз болып оралады.

Келе сала, ауыл өміріне қызу араласты. Әкімдердің, би-болыстардың парақорлығын әшкерелеп, әсіресе, Баянауылдың аға сұлтаны Мұса Шорманов пен оның інісі Мұстафаның зорлық-зомбылығын айтып, Омбы генерал-губернаторына шағым жазады. Сол үшін ағайынды Шормановтар оның астындағы атын тартып алып, «жаяу» атандырды. Осы тұста шығарған «Ақсиса» әнінде әлеуметтік теңсіздікке наразылығын білдіреді.

Билігі жүріп тұрған Шормановтар әртүрлі жала жауып, 1860 жылы оны Тобылға 12 жылға жер аудартқан. «Сүйіндік», «Тұтқын зары» әндері осы кезде шыққан. Тұтқында 2 жыл болғаннан кейін өзі сұранып әскерге кетеді. Оны Литвада Орталық Азия жорығына дайындалып жатқан Г.Черняевтің отрядына жібереді. 1863-1865 жылдары осы отрядтың жүк батальоны құрамында Шымкент, Әулие-ата (Тараз), Верный (Алматы) жорығына қатысқан. Черняевтің халыққа көрсеткен зорлығына қатты наразы болып, туған ауылына оралады.

Оған ата жаулары елде де тыныштық бермей, қайта қуғынға салған. Жергілікті халықтың ауыр тұрмысын, билеушілерден көрген зорлық-зомбылығын айтып түсіндіру үшін ол Санкт-Петербургқа аттанады. Бірақ одан да қолдау таба алмаған соң, Латвияда, Польшада болып, соңынан Қазанға келіп аялдайды. Жаяу Мұсаның әншілік, композиторлық өнері халық музыкасымен тығыз байланыста дамыды.

Сол тұста өмір сүрген Тоқсанбай, Жанақ, Түбек, Көтеш, Жаңабай сынды ақын-жыршылардың дәстүрлерін үлгі тұтып, жаңалыққа құлаш ұрды. Жаяу Мұсаның әлеуметтік теңсіздікті әшкерелейтін «Ақсиса», «Хаулау», «Шормановқа», «Толғау», «Бұзау зары», «Тұтқын зары», «Сүйіндік», туған жер табиғатын суреттейтін «Баянауыл», «Жаздың күні», «Жазда», «Ұлытау», «Сарын»; аңшылық-саятшылық туралы «Тұрымтай», «Қаршыға», «Көгершін», күлдіргі «Құлбай», «Қазан қыздары», махаббатты жырлайтын «Сұрша қыз», «Шолпан», «Сәулем қыздар», «Гауһар қыз», «Ләйлім»; өмірлік серігі Сапарға арналған «Келдім, Сапар, басыңа» атты әндері бар.

Сондай-ақ ол лирикалық сипаттағы «Қыз күйі», «Қыз бала күйі», «Қызқарқара», «Қамшылау» сияқты күйлердің де авторы. Жаяу Мұсаның музыкалық шығармалары халықтың әншілік-орындаушылық дәстүрі, сондай-ақ қала әсерінен пайда болған марш, би ырғағындағы туындылар негізінде дамыған. Жаяу Мұсаның әндерінде қазақ халық әндерінде аса сирек кездесетін құбылыс - классикалық музыканың формасын құрайтын ерекшеліктер «Ақсиса», «Ескендір», «Тұрымтай» әндерінен анық байқалады.

Жаяу Мұса композитор, әнші ғана емес, өз әндеріне лайықтап, өлең шығарған ақын. Көптеген мысқыл өлеңдерімен қатар «Шал мен торғай», «Бөдене мен қаншыр» атты мысалдары да бар. Жаяу Мұса көңілге түйгендерін орысша, қазақша қағазға түсіріп отырған. Қазақ қоғамының әлеуметтік. істеріне белсене араласып, ұлт мәдениетіне елеулі үлес қосқан. Көптеген колжазбалары Алматы, Қазан, Санкт-Петербург, Омбы мұрағаттарынан табылған. Оның әндері мен күйлерін алғаш нотаға түсіріп, жазып алғандар - А.Затаевич, А.Жұбанов, Б.Ерзакович, М.Лалинов; әндерін айтып берушілер - Қ.Бабақов, Қ.Байжанов, Ә.Қашаубаев, Қ.Лекеров, Ж.Елебеков және Жаяу Мұсаның баласы Салық Мусин. Оның музыкалық мұрасын қазақ композиторлары опера («Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Біржан - Сара», «Бекет»), симфония, эстрада жанрларында пайдаланған.

Жаяу Мұсаның әндері қазіргі әншілердің репертуарынан орын алды. Әнші бейнесі көркем шығармаларда, З.Ақышевтің «Жаяу Мұса» романында сомдалған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары