Италияның Пула қаласында шахматтан 20 жасқа дейінгі ойыншылар арасында әлем чемпионаты өтті. Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан шахматшысы Ксения Балабаева жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
18 жастағы қазақстандық Ксения Балабаеваға 2023 жылғы әлем чемпионатындағы блиц санатында тең келер ешкім болмады. Ал тағы бір жерлесіміз Әмина Қайырбекова осы пән бойынша жарыстың күміс жүлдегері атанды, деп хабарлады Спортты дамыту басқармасы.
Ерлер арасында «блиц» санатында Қазақстан шахматшысы Арыстан Исанжолов жеңімпаздар қатарында болды.
Шахматшыларымыз «рапид» кезеңінде де тамаша нәтиже көрсетті. Ксения Балабаева екінші орын алса, Зейнеп Сұлтанбек үздік үштікті түйіндеді.
Осылайша, шахматтан Қазақстан жастар құрамасы бес медаль жеңіп алды: бір алтын, екі күміс және екі қола.
Жақында Ксения Балабаева мен Әмина Қайырбекова 2023 жылы Польшаның Быдгощ қаласында өткен әйелдер арасындағы командалық әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алғанын ерекше атап өткен жөн.