Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеев табыс етті.
Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Ақжол Геройды "Ел қорғаны" медалімен марапаттады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы, 24.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл награданы "Жас сарбаз" балалар-жасөспірімдер қозғалысының тәрбиеленушісі Ақжол Геройға қорғаныс ведомствосының басшысы атынан Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеев табыс етті.
Іс-шараға Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшылығы мен жеке құрамы, Ақжолдың ата-анасы және "Жас сарбаз" қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.
Генерал-полковник Руслан Жақсылықов "Жас сарбаз" әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушісі Ақжолға батыл іс-әрекетінің арқасында жол-көлік оқиғасының алдын алғаны үшін ізгі тілектерін жеткізген.
Сіздердің ұлдарыңыз сындарлы сәтте атына заты сай нағыз батыр екенін дәлелдеді, - делінген Ақжолдың ата-анасына жазылған алғыс хатта.
22 қарашада Іле ауданы Өтеген батыр кентіндегі № 24 лицейдің 8 сынып оқушысы Ақжол Герой 219 бағдарлы автобусқа отырған болатын. Жолай жүргізушінің жүрек талмасы ұстайды. Мұны байқаған Ақжол жүргізуші кабинасына жүгіріп жетіп, тежегішті басып үлгереді. Соның арқасында автобус тұрғын үй қоршауына жарты метр ғана жер жетпей тоқтайды. 8 сынып оқушысының жедел қимылы болуы мүмкін ауыр зардаптардан сақтап қалды.
Куәгерлердің айтуынша, Ақжол көліктің үймен соқтығысуының алдын алған. Оқушының бұл батыл әрекеті туралы хабарламалар барлық ақпараттық арналар мен әлеуметтік желілерде кеңінен жариялануда. Өзі оқитын мектепте ержүрек оқушы ноутбукпен марапатталды.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев оған алғыс хат пен соңғы үлгідегі iPhone 15 ұялы телефонын табыс етті.