Жарыс нәтижесінде алматылық оқушылар 2 номинация бойынша үздік атанды.
Никосияда (Кипр) өткен робототехникадан «FIRST Tech Challenge Cyprus 2024» халықаралық чемпионатының қорытындысы бойынша Қазақстандық оқушылар 2 номинацияда жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Турнирге барлығы 25 команда қатысты. Оның он сегізі жергілікті және жетеуі әлемнің түкпір-түкпірінен келген. Қазақстаннан Алматы қаласының 10-11 сынып оқушыларынан құралған «Sana team» командасы қатысты.
Жарыс нәтижесінде алматылық оқушылар 2 номинация бойынша үздік атанды:
«THINK AWARD» номинациясы бойынша 1 орын;
«Winning Alliance AWARD» номинациясы бойынша 1 орын.
«Оқушылар ойында кәсібилік танытып, инженерлік дайындық сапасымен ғана емес, сонымен қатар тамаша коммуникативті дағдыларымен және басқа командалармен өзара әрекеттесуімен де төрешілерді таңғалдырды. Біздің балалар 25 команданың ішінде жарқыраған киімдерімен, жалындаған көздерімен ғана емес, матч кезіндегі көшбасшылық ұстанымымен де көзге түсті. Біз фавориттердің қатарында болдық», - дейді Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты «Алматы дарыны» орталығының директоры Гүлнұр Кәрімғажы.
Оқушылар Кипрде өткен сайысқа жолдаманы қаңтар айында Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен USTEM Foundation қоғамдық қоры ұйымдастырған «Daryn FIRST Championship» республикалық турнирінде олжалады.