$ 494.87  520.65  4.91

Көліктің аты - жеңіл, құны - қымбат: Темір тұлпардың бағасы неге шарықтады

Егер соңғы бес жылдағы жағдайға көз жүгіртсек, жаңа көліктерге де, ескісіне де бағаның үсті-үстіне қосылып, үнемі қымбаттап отырғанын көреміз.

Фото: Pixabay
Фото: Pixabay

Еліміздегі автосалондарда құрастырылған жаңа көліктердің бағасы әдеттегіден 28%-ға өсті. Осы орайда Skifnews.kz ақпарат порталы көліктердің бағасына қатысты толығырақ тоқталмақ.

Қазақстандағы жалпы инфляция тамыз айының соңында 8,4%-ды құрады, бұл бір ай бұрынғы көрсеткіштен 0,2%-ға төмен. Дегенмен, бұл елде баға төмендей бастады деген сөз емес. Көптеген тауарлар мен қызметтердің бағасы сәт сайын қымбаттауын жалғастыруда.

Мәселен, Ұлттық статистика бюросының «Талдау» ақпараттық-сараптамалық жүйесінің мәліметі бойынша, тамыз айында отандық жаңадан құрастырылған көліктердің орташа құны бір айда 3%-ға өскен. Сонымен қатар, жалпы алғанда, осы уақыт ішінде азық-түлік емес тауарлар 0,8%-ға ғана қымбаттады.

Айта кетейік, тамыз айындағы көрсеткіш ең жоғары емес. Маусым айында елдегі автосалондардағы отандық автокөліктерге орташа чек 7,3%-ға, қаңтарда – 6,7%-ға, 2023 жылғы қарашада – 9,4%-ға өскен болатын. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың наурыз және сәуір айларында олар 2,4%-ға және 4,8%-ға төмендеді.

Осындай айлық көрсеткіштерді ескере отырып, жылдық өсім айтарлықтай артқанын байқаймыз. Осылайша, тамызда Қазақстандағы автосалондарында құрастырылған жеңіл автокөліктердің орташа құны бір жыл бұрынғыдан 28,6%-ға артық болды.

Салыстыру үшін: тамыз айының соңында Қазақстанда жаңадан әкелінген көліктер орташа алғанда айына небәрі 1,5%-ға қымбаттады, ал жылдық негізде олар 1,8%-ға арзандады. Еліміздегі автопарктердің ескіруі жаңа көліктердің бағасы өсуіне бірден-бір себеп болуы мүмкін.

«Егер соңғы бес жылдағы жағдайға көз жүгіртсек, жаңа көліктерге де, ескісіне де бағаның үсті-үстіне қосылып, үнемі қымбаттап отырғанын көреміз. 2021 жылы ескі машиналарға 15 пайыз шамасында, жаңа автомобильдерге 20 пайыз көлемінде баға қосылды. Былтыр да автонарықта құн қымбаттаумен болды. Машина бағасының өсуіне логистикадағы қиындықтар, инфляция, автонесиелеу бағдарламасы сынды көптеген жағдай теріс әсерін тигізді. Биыл да қымбатшылық автонарықты айналып өтпейді. Бағаның өсуі жалғасады», - деді автосарапшы Эдуард Эдоков.

Көлік нарығын зерттеумен айналысып жүрген азаматтардың айтуынша, қазірдің өзінде баға кемі 10 пайызға өсіп кеткен. Бірақ барлық дүние шарықтап жатқанда машинаға қосылған құн көзге айтарлықтай көрінбеуі мүмкін. Ал жекелей қарасаң жаңа машиналарға кемі бір миллион теңгеден  қосылып үлгерген.

«Био-С, сұйықмай қымбаттады деп аузымды ашып жүргенде көлік бағасы аспандап кетіпті. Ескі көліктер екі бастан қымбат қой. Енді автосалондардағы баға да өзгеріпті. Кейбір модельдерге 1,2 млн теңге қосылған. Бағаның бұлайша құбылуына қандай фактор әсер еткенін Hyundai Kazakhstan, Hyundai Com Trans Kazakhstan, Astana Motors компаниясының өкілдері жауап беруі тиіс. Былтыр мамыр айындағы қымбатшылыққа доллар бағасы өсті, логистика қиындады, геосаяси ахуал әсер етті деп сылтау айтқан. Ал қазір бәрі тұрақты. Доллар керісінше күннен күнге арзандап келеді. Бұрынғыға қарағанда тасымалдау жолдары, логистикалық бағыттар ашылды. Ал Ресей мен Украина соғысы сол күйі әлі жалғасып жатыр. Өзгерген дәнеңе жоқ. Олай болса әр көлікке бір миллион теңге қосатындай не күн туды? Әлде сол баяғы ашкөздік пе?!», - деді соңғы жылдары көлік құнын зерттеумен айналысып жүрген журналист Диас Нұрақын.

Қорыта айтар болсақ, сан түрлі санкцияның астында қалған Ресейдің тұрғындары былтырдан бері қазақ нарығынан көлік алуға құмар. Ресейліктер былтыр шамамен 12-15 мың аралығында жаңа көлікті өздеріне алып кеткен. Бұл үрдіс биыл да жалғасары сөзсіз. Есесіне зауыттан шыққан жаңа машиналарды өзіміздің тұтынушыларға ұзақ күтуге әрі қымбатқа алуына тура келеді.

Естеріңізге сала кетейік, елімізде тіркелген көліктердің көпшілігі 10 жылдан асқан. Ал Ұлттық статистика басқармасының соңғы мәліметтеріне сүйенсек, көліктердің 6,2%-ы ғана соңғы үш жылда шыққан.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары