Оған алаяқтық және аса ірі көлемде пара беруге итермелеу бойынша айып тағылған.
Мемлекетаралық іздеуде жүрген Тимур Сәдуақасов соттан жасырынбақ болған кезде ұсталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Агенттіктің мәліметінше, Тимур Сәдуақасов мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту кезінде Өзбекстан Республикасының шекара қызметі тарапынан ұсталды.
"Оған қатысты Өзбекстан Республикасына заңсыз кіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бар мәліметке сәйкес, Садвақасов Т.Х. тергеу изоляторына қамауға алынған. Қазіргі уақытта оны Өзбекстан Республикасынан экстрадициялау мәселесі бойынша Бас прокуратурамен бірлесіп тиісті материалдар дайындалып жатыр", - делінген ақпаратта.
Тимур Сәдуақасов алаяқтық және аса ірі көлемде пара беруге итермелеу бойынша айып тағылған.
Айта кетейік, 2023 жылы шілде айында Тимур Сәдуақасов және "Обуховское" кен орнында заңсыз пайдалы қазбалар өндіру ісіне қатысты адвокат – Курманбаев С.Н. лауазымды тұлғалар арасындағы байланыстарын пайдалана отырып, Долгалев В.И-қа кәсіптегі серіктестеріне қарсы қылмыстық іс қозғауды ұсынған. Алдын-ала келісім бойынша параның бірінші бөлігі ретінде 90 млн теңге алған Садвақасов пен Курманбаев бұл қаражатты өздері иемденіп, уәде етілген міндеттемелерін орындамаған.
Қылмыстық іс Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотына қайта қарауға жолданды.