$ 489.17  576.63  6.38

«583 миллион теңге»: Түркістан облысында білім бөлімінің қызметкерлері 49 мектептің қаржысын жымқырған

"Нәтижесінде мемлекетке келтірілген залал 583 млн теңгеден асты".

Фото: ҚМА баспасөз қызметі
Фото: ҚМА баспасөз қызметі

Түркістан облысында Бәйдібек аудандық білім бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты бюджет қаражатын жүйелі түрде жымқыру фактісі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

"Басшылар, бухгалтерлер және экономистерді қоса алғанда 18 лауазымды тұлға жалақы мен өзге де төлемдерге арналған бюджеттік өтінімдерді негізсіз ұлғайту арқылы ауданның 49 жалпы білім беретін мектеп қаражатын иемдену схемасын ұйымдастырған", - деп жазылған хабарламада.

Бухгалтерия қызметкерлері электрондық жүйелерге әдейі жалған мәліметтер енгізіп отырған. Төлем ведомостары мен есеп парақтарына іс жүзінде жұмыс істемеген адамдар енгізілген немесе жалақы мен үстемеақылардың көлемі негізсіз өсірілген.

Операцияларға заңды сипат беру үшін қызметтік жазбалар, бұйрықтар, есеп ведомостары мен жұмыс уақыты табельдері сияқты жалған құжаттар пайдаланылған. Құжаттардың бір бөлігі төлемдер жүргізілгеннен кейін кері күнмен рәсімделіп немесе есептілікті сәйкестендіру мақсатында түзетілген.

Қаражат жалған тұлғалардың, оның ішінде туыстары мен таныстарының банктік шоттарына аударылып, кейін алдын ала келісілген үлестер бойынша қатысушылар арасында бөлінген.

"Нәтижесінде мемлекетке келтірілген залал 583 млн теңгеден асты. Тергеу барысында күдіктілер келтірілген шығынды толық өтеді. Сот 14 адамды 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Тағы 4 адамға қатысты іс рақымшылыққа байланысты тоқтатылды", - дейді агенттікте.

Үкім заңды күшіне енді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0