Ербол Ахметжанов Жамбыл облыстық сотын 2020 жылдың ақпан айынан бері, яғни шамамен алты жыл басқарды.
Жоғарғы сот кеңесінің кезекті отырысының қорытындысы бойынша Жамбыл облыстық соты төрағасының міндетін атқарушы Ербол Ахметжанов қызметінен босатылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
– Отырыста Жамбыл облыстық соты төрағасының міндетін атқарушыны лауазымынан босату мәселесі, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты төрағасының облыстық және оларға теңестірілген соттардың төрағаларын тағайындау туралы ұсыныстары қаралды. Нәтижесінде Жамбыл облыстық соты төрағасының міндетін атқарушысы қызметінен босатылды, - деді ҚР Жоғары сот кеңесінің мүшесі Ерлан Айтжанов.
Ербол Ахметжанов Жамбыл облыстық сотын 2020 жылдың ақпан айынан бері, яғни шамамен алты жыл басқарды. Ол шекарашы Владислав Челахқа қатысты атышулы іс бойынша сот отырысына төрағалық еткен. 2012 жылы желтоқсанда Талдықорғандағы мамандандырылған ауданаралық әскери қылмыстық соты Владислав Челахты «Арқанкерген» шекара бекетінде 15 адамды өлтіргені үшін кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айырған еді.
Сондай-ақ отырыста Астана соты, Алматы соты және Жамбыл облыстық соты төрағаларын тағайындау мәселесі де қаралды. Бос лауазымдарға кандидаттар баламалы негізде ұсынылды. Талқылау нәтижесінде Жоғары сот кеңесі Жоғарғы сот төрағасының ұсыныстарын қолдап, тағайындау үшін кәсіби тәжірибесі мол, басқарушылық қабілеті жоғары судьяларды ұсынды.