$ 446.49  475.38  4.79

Ақмола облысында мамонттың мүйізі табылды

Ақмола облысындағы Жолдыбай құм кенішінен мамонттың мүйізі табылды. Ежелгі пілдің сүйегін карьер қазып жатқан тракторшы байқап қалған. Бірақ кеніш басшылары археологтар зерттеулерін бастап кетсе, жұмысты тоқтатып тастауы мүмкін деп сүйекті бірден көрсетуге тыйым салыпты, деп хабарлайды КТК арнасы. 

Құм кеніші тұрған жер ертеде үлкен көл болған екен. Кейін ол жанандағы елді-мекенді басып қалған деседі жергілікті тұрғындар. Тракторшы Ерболат Кәрімов мүйізден басқа да ірі сүйектерді тауып алған. Бірақ басшылардың ауыздарыңды ашпаңдар деген бұйрығынан сескендім дейді. Осылайша сүйекті үйінде жарты жылдай сақтаған. Кейін барып өлкетану музейінің қызметкерлеріне көрсетуді жөн көрген. Археологтар мүйізге ұқсас сүйектің өлшеміне қарап мамонттікі болуы мүмкін дейді. Бірақ нақтылау үшін олар Алматыдағы ғылыми зерттеу институты мамандарының көмегіне жүгінбек.

«Алғаш көргенде ағаш деп трактормен сырып тастадым. Алып шықсам сүйек екен. Сосын тағы жілігі шықты.Кім біледі енді мүмкін мамонт осы жерден өтті ме? Бұл тарих қой»,дейді Ерболат Кәрімов.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылыҚарағанды облысында мамонттың жақ сүйегі табылған болатын. Жаңаарқа ауданындағы Жеңіс ауылының түсті металл карьеріндегі қазба жұмыстары кезінде кеншілер тауып алып, мұражайға тапсырған. Жергілікті ғалымдар жануардың жақ сүйегіне қарап, «Жаңаарқада мамонттар өмір сүрген» деп болжам айтқан болатын. 

Алып хайуанның сүйектері 6 метр тереңдіктен табылған. Сүйектің ұзындығы 2 метрден асады. Жергілікті ғалымдардың болжамынша, сүйектер палеолит дәуірінде тіршілік еткен ересек жануардікі. Тереңде жатқандықтан, өте жақсы сақталған. Бұл біздің заманымыздан  3 миллион жыл бұрын мекендеген мамонт сүйегі деген жорамал бар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары