$ 449.58  486.94  4.86

Қытайда есірткімен ұсталған А.Тұрлыбайға қатысты жаңа деректер белгілі болды

20 жастағы Ақжарқын Тұрлыбайға есірткіні Қытай аумағында салып жіберуі ғажап емес. Бұл туралы оның қорғаушысы Сұңқар Нұрмағамбетов  мәлімдеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» агенттігі.

Естеріңізге сала кетейік, 20 жастағы қазақ қызы Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылдың наурызында Гуанчжоу әуежайында Малайзияға ұшып бара жатқан жерінен ұсталған болатын. Оның таныстары «luxury» фирмалық киімдерін тасымалдап, ақша табуға үгіттеген.

Қыздың жүгінен полицейлер есірткі тапқан. Ақжарқынның қорғаушысы есірткі затын қыздың сөмкесіне біреу Қытайда салып жіберуі мүмкін екенін айтады.

«Өйткені, мұндай тыйым салынған жүк Қытай мен Қазақстанның шекарасынан өтіп кетуі мүмкін емес», – деді ол.

«Осы жерде бір күдікті ой туады. Тыйым салынған жүкті Қытайға барғанда біреулер әзірлеп тұруы мүмкін. Өйткені, ол Қытайдан Малайзияға кетуі керек болған», – деді Сұңқар Нұрмағамбетов.

Деректерге сүйенсек, Қытайда Ақжарқын жалғыз болмаған. Гуанчжоу әуежайында да оның қасында белгісіз біреулер жүрген. Тек, әуежайда Ақжарқын өзіне белгісіз себептермен Малайзияға ұшпайтынын білген», – деді С.Нұрмағамбетов.

Тергеу амалдарына кедергі болмас үшін қорғаушы істің мән-жайын жариялаудан бас тартты. Бірақ, ол ҚР СІМ арқылы қорғаушы тарап жіберген дәлелдердің барлығы оның кінәсіз екендігін айғақтайтындығын айтты.

Оның айтуынша, Ақжарқын тұрмысы төмен отбасынан шыққандықтан бұрын-соңды шетелде болып көрмеген.

«Ол – ауылдың қызы. Отбасын жалғыз өзі асырап отырған. ЖОО-да оқи жүріп, Алматыдағы барлардың бірінде даяшы болып қызмет еткен. Ал, енді өзінің бар тапқаны айына 650 доллар болса, ол қалайша Қытайға дейін 1600 доллар, одан Малайзияға дейін 1560 доллар тұратын авиабилетті сатып алады?», – деді қорғаушы.

Адвокат Қытайда осындай жағдайлар жиі орын алатынын әрі Қытайдың сот жүйесі тәуелсіз екендігін айтып өтті.

«Мүмкін Азия елдеріндегі тыйым салынған психотропты, есірткі заттарына деген үлкен сұраныс осы жолда мол ақша табуға деген қызығушылық тудыратын болар. Мен өз басым ҚХР сот мен құқық қорғау жүйесінің әділеттілігіне сенімдімін. Өйткені, осы туралы Қытайда жария процестер, қоғамдық талқылаулар жиі болып тұрады», – деді ол.

«Қытай мен Қазақстанды тығыз байланыстырып тұрған ортақ дүниелер өте көп: шекара, экономика, Ұлы Жібек жолының тарихы, халықаралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көліктік дәлізінің құрылысы. Интеграциялық процестің артуына орай екі ел арасындағы өзара ынтымақтастық та тереңдеп, екі елдің заңнамасын жетілдіру қажеттігі де туып отыр», – деді ол.

Сонымен қатар, Сұңқар Нұрмағамбетов шетелде қиын жағдайға түсіп қалған қандастарымызға көмек көрсететін үкіметтік емес ұйымын құрғандығын жеткізді.

«Менің қазіргі басты мақсатым – Ақжарқынды Қазақстан-Қытай бағытындағы көлікке билет алып беріп, еліне қайтару», – деді ол.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары