$ 444.22  476.38  4.82

Еуразиялық экономикалық одақ үлкен қауіп-қатерлерге ұшырауда – Назарбаев

Еуразиялық экономикалық одаққа үлкен сын-қатер төніп тұр. Бұл туралы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жетекші қазақстандық БАҚ өкілдерімен сұхбаты барысында мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

«Өткен жылдың тарихына жазылып жатса да, қарбаласта кейбір оқиғалар ұмытылып жатқандай күй кешесің. Бәрібір маңызды оқиғалар орын алды. Астанада біз Еуразиялық экономикалық одақ құру жөніндегі келісімшартқа қол қойдық. Бұл идеяны 20 жыл бұрын Мәскеу мемлекеттік университетінде айтқан болатынмын. Шынын айтайын, дағдарысқа байланысты бүгінде одақ үлкен қауіп-қатерлерге ұшырап отыр», – деді Елбасы. 

Мемлекет Басшысы, одақтың құрылуы – Кеңес үкіметіне қайтып оралу емес екенін тағы қадап айтты. 

«Тәуелсіздігімізден айырылып, жаңа Кеңес одағы құрылып жатыр деген сөздер айтылды, айтыла да береді. Бос сандырақ. Кеңес одағын құрғысы келетіндерде тіпті, ми жоқ. Біз бұдан баяғыда-ақ кеткенбіз, қайтіп оралу мүмкін емес. Ол кезде ортақ Маркс-Ленин идеологиясы болды. Ол келмеске кетті. Уысында ұстаған коммунистік партия болды, оның да ғұмыры тарих қойнауында. Бірыңғай экономикалық «ағза» болды, енді ол жоқ. Жаңа буын өсіп шықты содан бері. Көшедегі оқушыдан қазір сұраңыз, Маркс деген кім, Ленин деген кім деп. Оны сұрап та керек емес, себебі тіпті жаңа буын қалыптасып үлгерді», – деді Президент. 

Елбасының айтуынша, ЕАЭО елдері арасында тауар айналымы 40 пайызға өскен.

«Қазіргі жағдайларға байланысты оның деңгейі түсетіні анық. Себебі, барша әлемнің экономикасы түсуде. Ақша жағынан қысылтаяң көруде. Бірақ тауар алмасу және бірлескен кәсіпорындар құру жағынан біз оң көрсеткіштер көріп отырғанымыз анық. Себебі, шекара ашық, адамдардың барыс-келісі көбейеді, пойыздар мен жүктер ешбір тексерусіз өтуде. Яғни, кеңістігіміз үш мемлекетке кеңейді. Экономика қалпына келеді және біздің игілігімізге жұмыс жасайды», – деді Н.Назарбаев.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары