$ 447.4  477.55  4.76

Маңғыстаудың үздік жас мамандары анықталды

Маңғыстау облыстық Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театры залында «Ақтау қалалық жастар сыйлығын» салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтті. Онда әр саланың үздік жас мамандары 11 аталым бойынша марапатталды, деп хабарлайды Skifnews.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Мұндай шараны ұйымдастыру бізде дәстүрге айналып келеді. «Басты мақсат-жастарды өздері таңдаған бағытқа ынталандыру, жігерлендіру әрі абыройын арттыру, жастар арасында мемлекеттік жастар саясатын және патриоттық тәрбие беруді жүзеге асыру. Кәсіби және қоғамдық жұмыста өзін-өзі көрсете білген, ғылым, өнер және қызметтің басқа да салаларында айтарлықтай жетістіктерге жеткен жас азаматтарды ынталандыру, жастар саясаты мен азаматтық қоғам қалыптастыруда өзіндік үлес қосқан көшбасшылар мен үкіметтік емес ұйымдарының жетекшілерін қоғам алдында беделін көтерумен абыройын арттыру. Жалпы жыл санап бұл шараға қатысуға белсенділік танытқан жастардың қатары көбейіп келе жатқанын айтқым келеді», – дейді Ақтау қалалақ жастар саясаты орталығының директоры Әмірхан Құлбаев.


Қазылар алқасының шешімімен жас дәрігер аталымымен-Нұргүл Қожақова, жас дарын аталымымен-Айлазат Ғазибекова, жас спортшы аталымымен – Сабина Захарова, жас ақын аталымымен – Фархад Мусаев марапатталды. Сондай-ақ, жас көшбасшы аталымына –Дәулет Сағынтаев, жас ерікті аталымына – Ринат Бикмұхамедов, жас мұнайшы аталымына – Чингиз Абдиров Чингиз, жас ғалым аталымына – Мұқаш Уралбаев, жас мұғалім аталымына – Мөлдір Нагимулина, жас журналист аталымына – Әсел Ауданбаева және жас мемлекеттік қызметкері аталымына – Досан Жеткізген лайық деп танылды.

«Оқу ордасын тәмамдаған соң анамның жолын қуып, өмірімді медицина саласымен байланыстырғанды жөн санадым. Сол мақсатпен 2005 жылы Ақтөбе қаласындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясына құжат тапсырып, грантпен оқуға түсіп, емдеу ісі факультеті бойынша тәмамдадым. Қазіргі таңда емханада кардиолог-дәрігер болып жұмыс жасаймын. Жас маман ретінде еңбегімізді елеп, үздіктер қатарынан көрсетіп, марапаттағаны үшін ұйымдастырушыларға алғысымды айтамын. Бүгін өте қуаныштымын», – дейді жас дәрігер маман Нұргүл Қожақова.

Нұргүл-алғашқы еңбек жолын №1 Ақтау қалалық емханасында терапевт-дәрігер болып бастаған. Білімін жетілдіру мақсатында Алматы қаласындағы кардиология және ішкі ауруларды зерттеу институтында кардиолог мамандығы бойынша дәріс алыпты. Осылайша, тәжірибесін молайтып, терапевт-дәрігерден кардиолог-дәрігер болып шығады. 2013 жылдың қаңтар айынан бастап №1 Ақтау қалалық емханасында кардиолог-дәрігер болып қызметін жалғастырып келеді. Білімін жетілдіру мақсатында еліміздің бас қалалары Астана мен Алматыда өткен семинарларға белсене қатысып, арнайы сертификаттарға ие болған. Жемісті еңбегімен еленген дәрігер-отбасының да мақтанышы. Өмірлік серігі Қожақов Сәбит екеуі Арайлым атты бүлдіршінді тәрбиелеп отырған бақытты отбасы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары