$ 445.66  474.58  4.78

Тәуелсіздік күні қарсаңында Маңғыстау облысында жаңа балабақша ашылды

Ақтау қаласына қарасты Өмірзақ ауылында 75 орындық жаңа балабақша пайдалануға берілді, деп хабарлайды Skifnews.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Алтын-ай» балабақшасының салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімі Еділ Жаңбыршин қатысып, ауыл тұрғындарын атаулы әлеуметтік нысанның пайдалануға берілуімен, еліміздің Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады.

«Елбасымыз өз Жолдауында «Бала тәрбиелеу – болашаққа ең үлкен инвестиция. Біз бұл мәселеге осылай қарап, балаларымызға жақсы білім беруге ұмтылуымыз керек», – деген болатын. Шынында да барлық игі істер балаларымыз үшін жасалуы тиіс. Өздеріңізге белгілі, білім беру саласы мемлекетіміздің  басымдық беретін бағыттарының бірі. Қаламызда осы салаға көп көңіл бөлініп, мектеп-балабақшалар саны жыл сайын көбейіп келеді.

Бүгінгі таңда Өмірзақ ауылында көптеген мәселелер оң шешімін тауып, ізгі бастамалар қолға алынуда. Соның бір айғағы осы балабақша. Күні бүгінге дейін мектеп жанынан 25 орындық балаларға арналған шағын орталық қызмет етіп келді. Ал, жаңа «Алтын-ай» балабақшасы ауылдың алғашқы балабақшасы болып отыр. Бұл игі істердің бастауы, - деді қала басшысы.

Сонымен қатар, Еділ Жаңбыршин алдағы уақытта село аумағында 280 орындық балабақшаның құрылысы жоспарланып отырғандығын атап өтті. Әрі ол балабақшаны салудағы кәсіпкерлік бастама көтерген жеке кәсіпкер Бибігүл Сейітоваға алғыс білдірді.

Балабақшаны Ақтау қаласының әкімі Е.Жаңбыршин, ауыл ардагері және кәсіпкер Б.Сейітова салтанатты түрде ашып, лентасын қиды.

Қонақтар балабақша ғимаратымен танысып, тәрбиеленушілердің қуыныш тілектерін тыңдап, өнерлерін тамашалады.

Балабақша толығымен қажетті оқу-әдістемелік құралдарымен жабдықталған. Онда 3 топқа арналған жататын және ойнайтын, жуынатын бөлмелері бар. Сондай-ақ, балабақша өзін-өзі тану, бейнелеу және ән-саз бөлмесімен қамтылған. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары