$ 494.87  520.65  4.91

ОҚО-да екі мектепке ҰОС ардагерлерінің есімі берілді

Жеңіс күні қарсаңында Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түлкібас ауданында екі мектепке Ұлы Отан соғысына қатысып, болашақ ұрпағына бейбіт күнді сыйлаған ардагерлердің есімі берілді.

Кемербастау ауылындағы жақында салынған жаңа мектеп енді Кеңес Одағының батыры, генерал-майор Сабыр Рақымовтың атымен аталатын болды. Ал Абайыл стансасындағы бастауыш мектепке осы оқу ошағында 40 жыл ұстаздық еткен Нұрлыбай Қасымбековтің есімі берілді.

Тау бөктерлей орналасқан Кемербастау ауылындағы мектепте 300-ге тарта бала оқиды. Білім ошағына батыр есімін беру туралы біраз уақыттан бері айтылып келген екен. Ауыл азаматтары хат жазып, ауданға, онамастикалық комиссияға жіберіпті. 27 сәуір күні Үкіметтің қаулысы шыққан.

Қайрат Әбдуәлиев, Түлкібас ауданының әкімі:

- Жаңа мектеп, заманауи мектепке батыр атамыздың аты берілгеніне қуаныштымыз. Өйткені келешек ұрпаққа, жастар тәрбиесіне, патриоттық сезімді орнықты етуіне сеніміміз мол.

Мектеп алдына батырдың бюсті орнатылып, ресми түрде ашылды. Ал Абайылдағы бастауыш мектепте соғыстан оралған соң сабақ беруді бастаған Нұрлыбай Қасымбеков, тапжылмай сол мектепті 40 жыл басқарған. Жұбайы Болай да осында ұстаздық еткен.

Мархабат Байғұт, жазушы:

- Бауыржан Момышұлының қарамағында болған, соғысқан. Нұрлыбай мен Болайдың осы мектепте болашақ ұрпақты тәрбиелегені бір төбе, одан кейін екеуінің аты-жөні осы ауданға, аймаққа, облысқа үлгі-өнеге болған ғой.

Нұрлыбай Қасымбеков Қазақ Кеңес Социалистік Республикасы білім беру ісінің үздігі. Оның білім беру әдістері өзге мектептерге таратылып тұрған. 10 ұл-қызының барлығы да жоғары білімді.

Жақсыбай Қасымбек, Н.Қасымбековтің ұлы, техника ғылымдарының докторы:

- Мұғалімнің баласы болу, мен сізге айтайын, оңай емес, қиын. Ол әкеге байланысты. Біздің әкеміз өте қатал талап қоятын, өзіне де, өзгеге де, өзінің балаларына да, оқушыларына да бірдей талап қоятын. Бізді балам деп ешқашан жеңілдік жасамаған.

Мектеп ұжымы болса, ардагердің аты берілгені жауапкершілік жүктейтінін айтады. 

 

24kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары