$ 494.87  520.65  4.91

Қазақстанда 171 мыңнан астам адам рак ауруына шалдыққан

Қазақстанда онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспардың жобасы әзірленді

Қазақстанда 171 мыңнан астам азамат қатерлі ісік ауруына шалдыққан. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді деп жазады Sputnik Қазақстан.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда соңғы он жылда қатерлі ісікке шалдығу көрсеткіші 9,5 процентке өсіп, өлім-жітім 28,5 процентке төмендеген. 

«2017 жылдың қорытындысы бойынша алғаш анықталған қатерлі ісік бойынша барлығы 35 мыңнан астам пациент тіркелген. Ал барлық онкологиялық науқастар саны 171 мыңнан астам адамды құрайды. Науқастардың дені сүт безі мен өкпе, асқазан обырымен ауырады. Ал жас құрылымына келсек, пациенттердің 70 проценті еңбекке қабілетті жастағы адамдар», – деді Біртанов үкімет отырысында. 

Ведомство басшысы онкологиялық көмекті ұйымдастыру бойынша іске асырылыған шараларға қарамастан, бірқатар негізгі проблема сақталғанын атап өтті.

«Қатерлі ісікті ерте диагностикалаудың төмен көрсеткіші, бұл көрсеткіш ЭЫДҰ елдерінің көрсеткішінен 3 есе төмен. Халықты скринингтік бағдарламалармен қамту төмендігі, республикадағы халықтың нысаналы топтарын скринингпен қамту үлесі 50 процентті ғана құрайды. Ал бұл ДДСҰ ұсынымдарына сәйкес 70 пайыздан кем болмауы тиіс. Диагностиканың жоғары технологиялық әдістерін және инновациялық емдеудің, соның ішінде сәулелік терапияға қолжетімділіктің болмауы. Қазір Қазақстанда сәулелік терапиямен пациенттердің тек 30%-ы ғана қамтамасыз етілген», – деді Біртанов. 

Сонымен қатар қазіргі таңда елде онколог дәрігерлер тапшы. Министрдің айтуынша, осындай проблемалардың болуына байланысты қатерлі ісікке шалдыққан науқастардың бес жылдық өмір сүру көрсеткішіне қол жеткізілген жоқ. Бұл көрсеткіш онкологиялық көмек көрсету тиімділігінің негізгі индикаторы болып табылады.


Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары