Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Жамбыл облысындағы пойыз апатына қатысты тергеуге пікір білдірді деп жазады Tengrinews.kz.
Үкімет отырысынан кейін журналистер министрден пойыз апатының нақты себебі анықталды ма, жоқ па - соны сұрап білді.
«Пойыздың қарсы жолақта келе жатқан пойызбен соғысқаны жайлы нұсқа бүгінде жоққа шығарылды. Басты себеп - жолдың жағдайы. Жолдың сапасы себеп болып отыр. Соңғы рет көктемде жүргізілген жөндеу жұмыстарынан кейінгі жолдың сапасы себеп болып тұр», - деді Жеңіс Қасымбек.
«Сонда кім кінәлі?», - деп сұрады журналистер министрден.
«Мен сіздерге 20-рет айтып тұрмын, кімнің кінәлі екенін комиссия шешеді», - деді Қасымбек.
«Күннің ыстық болуына байланысты рельстер кеңейіп кетуі мүмкін деген нұсқа бар», - деп тағы сұрады БАҚ өкілдері министрден.
«Бұл физика, ауа температурасы өзгеруіне байланысты осындай жағдайлар болады. Мұндай жағдайларды бақылауы тиіс арнайы қызметтер бар», - деп қорытындылады сөзін Жеңіс Қасымбек.
Еске салайық,17 маусымда сағат шамамен 14.00-де Жамбыл облысындағы Отар мен Шу станцияларының арасында төтенше жағдай болған еді. Мұның алдында үш вагонның рельстен шығып кеткені хабарланған болатын. Кейінірек қаза болған жасөспірім мен зардап шеккендердің тізімі жарияланған еді.