$ 448.15  483.46  4.86

Полицейлер Жаңаөзен мен Ақтауда бақылауды күшейткен

Желтоқсанның 16-сы күні Ақтау мен Жаңаөзен қалаларында полиция күшейтілген тәртіпке көшіріліп, орталық алаңдарды бақылауға алды деп жазады Азаттық.

Жаңаөзенде 2011 жылы желтоқсанның 16-сында мұнайшылардың бейбіт ереуілі кезінде полиция атқан оқтан қаза болғандардың отбасылары бұл күндері марқұм туыстарына арнап үйлерінде мал сойып, құран бағыштады.

Жаңаөзен қаласының кей тұрғындары өздеріне қаланың орталық алаңына бармау туралы жұмыс орындарынан ескерткені туралы айтады.

- Маған жұмыстан хабарласып, алаңға бармауымды өтінді. Мен 2011 жылы осы алаңда қаза болғандардың рухын есіме алып, құран бағыштағым келген, - деді жаңаөзендік Алма Бекес.

Ақтауда алты жасар қызын ертіп үйінен шыққан жергілікті белсенді Нүрияш Әбдірейімованы бүгін таңертеңгі сағат 11 шамасында полиция есігінің алдынан ұстаған. Ақтаулық Бибайша Батырханованың сөзінше, Әбдірейімованың қызын полицейлердің бірі көтеріп алып, екеуін бірге көлікке мінгізіп алып кеткен.

Маңғыстау облыстық әкімшілік полициясы басқармасы Нүрияш Әбдірейімоваға арнайы шақырту қағазы тапсырылғанын, «өзі келіскен соң» полиция бөлімшесіне апарылғанын айтты. Бірнеше сағаттан кейін полиция Нүрияш Әбдірейімованы босатқаны туралы хабарлады.

Бұл күні Алматы мен Шымкент қалаларында да бірнеше белсендіні полиция ұстап әкетіп, бірнеше сағаттан соң босатқан. Оралда жергілікті газеттің екі журналисін полицияға апарған.

Қазақстанның тәуелсіздік декларациясы қабылданғанына бүгін 27 жыл толды. Бұл күн Қазақстанда тәуелсіздік мерекесімен қатар 1986 жылы желтоқсанда Мәскеудің шешіміне наразылық танытқан студент және жұмысшы қазақ жастарының Алматыдағы бейбіт шеруін совет билігі күшпен басқан және 2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында бірнеше айға созылған мұнайшылар ереуіліне полиция оқ атқан қайғылы оқиғалармен тарихқа енген. Ресми дерек бойынша, Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғаларда 17 адам қаза тапқан.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары