Жаңадан тағайындалған мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қазақ тіліндегі терминдердің өзгеруіне қатысты мәлімдемесін көпшілікке түсіндіріп өтті. Өзінің жазушы-журналисттің қызы екенін мақтан тұтатынын айтқан министр ханым қазақ тілін әрдайым ардақтайтынын алға тартты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бұл туралы Ақтоты Райымқұлова Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық конкурсының қорытынды салтанатты шарасында сөйлеген сөзінде айтты.
Министрдің айтуынша, есеп беру жиынында терминдерге қатысты жасалған мәлімдемесін кейбір БАҚ өкілдері дұрыс түсінбей қалған.
«Ең алдымен айтарым, 3000-нан астам термин қолданыстан шықпайды. Ол қазақтың сөздері емес. Басқа тілден енген сөздерді тағы да талқылаймыз.
Біреулер жазыпты «жазушының қызы осы ма?» деп. Кешірім сұраймын, мен - жазушының, журналистің қызымын. Мен мақтан тұтамын.
Қаншама жазушыларды көрдім, солардың арасында өстім. Мұқағалидай ағаның мойнында отырып өскен қызбын.
Сондықтан, әрқашан да тілімді ардақтаймын. Кешеден бері түні бойы ұйықтамай, «дұрыс айтпадым ба» деп қатты қобалжыдым», - деп ағынан жарылды Райымқұлова.
Сонымен бірге, ол министрлік жұмысындағы олқылықтарды қоғаммен және бұқаралық ақпарат құралдарымен бірге талқылау қажет екенін айтты.
«Мен өзім қазақтың қызы болғандықтан, совет үкіметі кезінде болса да қазақ мектебін бітіргендіктен, түсініспеушілік болып қалса, сіздерде маған деген теріс көзқарас болмай, тілге деген жанашырлық деп қабылдасаңыздар. Шын жүрегіммен рахмет айтып тұрмын», - деді жаңа министр.
Еске сала кетейік, жақында ғана тағайындалған Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың терминге қатысты мәлімдемесі желіде қызу талқыланған болатын. Журналист Мәди Манатбек бұл өзгеріске қарсылығын білдірген еді. Айгүл Орынбек те осы пікірді қолдаған.