Қытайдың Шыңжаң автономиялық ауданында 30 этникалық қазақ ұсталды. Оларды полиция қазақ әндерін әлеуметтік желіде бөліскені үшін қамауға алған. Бұл туралы rfa.org интернет басылымына сілтеме жасаған «Жас Алаш» басылымы хабарлайды.
Іле өлкесінде жуырда 30 қазақ ұсталғанын Нұрбек есімді азамат Radio Free Asia басылымына хабарлаған. Этникалық қазақтар шілде және тамыз айларында тұтқынға алыныпты. Сондай-ақ, басылым сотталғандардың бар жазығы - қазақша ән тыңдағандары деп жазады.
«Ұсталған жігіттер қазақша ән тыңдаған ғой. Сол үшін жазықты болды. Қателеспесем біреуі 15 жылға сотталды. Сот өтіп кеткеннен кейін барып, жігіттердің ата-аналарына хабарланған. Қазақтарға шетелдіктердің видеофильмдерін таратты деп айыптаған», - деген Нұрбек.