Сыныпқа 25-тен артық бала қабылдағаны үшін санитарлар мектеп басшыларына жаппай айыппұл салып жатыр. Оның көлемі тіпті жарты миллион теңгеден асады. Ал Білім министрлігі директорларға қалай араша түсерін білмейді. Мектептерге болысу үшін министрлік Жоғарғы сот және Әділет министрлігімен бірге мәселені шешуге енді кіріспек, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Сыныпқа шамадан асыра бала қабылдаймыз деп айыппұл арқалаған мектептер бүкіл өңірде бар. Оған шыдап отыра алмаған астаналық мектептер шағымын ата-аналар қауымдастықтарына айтыпты. Өздері айта алмаған соң, жоғарыдағыларға назын осылай жеткізген.
Әсел Сайлаубай, «Қолдау» білім беру мекемелерінің қамқоршылар кеңесі» ҚБ төрағасының орынбасары:
- Бізге қазір бес мектептің директоры шықты, оларға айыппұл салынып жатыр. Сыныпта 25 баладан көп болып кетті, 30 бала, 40 бала. Сол үшін санэпидемстанция айыппұл салып жатыр. Бізге директорлар кешеден бастап қоңырау соғуда.
Мысал ретінде айтайық. Бас қаладағы №22-мектепте 3654 оқушы бар. Баланың көптігінен үш ауысымға көшудің аз-ақ алдында қалған. Екі жыл бұрын қосымша құрылыс салынып, мектеп аумағы үлкейтіліп, соның арқасында екі ауысым жүйесін сақтап қалған. Дегенмен сыныптар сол күйі оқушыға толы.
Ботагөз Жүнісова, мектеп директоры:
- Бізде осындай заңнама болғаны өте өкінішті. Біз балаларды оқытуға міндеттіміз. Ал оқушылар тым көп. Биыл бірінші сыныпқа 570 бала қабылдадық. Яғни, 16 бірінші сыныбымыз бар. Сондықтан әр сыныпқа 25 емес, 35-40 баладан отырғызуға мәжбүрміз.
«Мектеп жеткілікті салынбаса, біздің кінәміз не?» деген ұстаздардың шағымы түсінікті. Мұғалімдердің басындағы мұндай жағдайды Білім министрлігі жақсы біледі. Алайда педагогтар тап болған түйткілдің шешімін әлі таппаған.
Бибігүл Асылова, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:
- Елімізде 7 мың мектеп бар. Әрқайсысының мәселесіне назар аударып үлгере алмаймыз. Енді мұндай жағдайлар қайталанбас үшін жақын арада Жоғарғы сот, Әділет министрлігімен бірлескен бұйрық шығарамыз деген ойдамын.
Бір жағынан бақылаушы орындар да «бей-берекет айыппұл салмаймыз» деп мән-жайды түсіндіріп әлек. Олардың айтқаны, әңгіме бір ғана бала санына тіреліп тұрған жоқ. Мектептің ішкі санитарлық жағдайы, қажетті заттармен қамтамасыз етілуі түгел қаралады. «Соған сай келмеген жағдайда ғана шара қолданамыз», - дейді.
Сарқыт Бейсенова, Нұр-Сұлтан қаласы тауарлар мен қызмет сапасын бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы:
- Бір жылдың ішінде өндірістік бақылау жасалу керек. Ол жарықтандыру, микроклимат, оның бәрін директорлар тексеру керек. Неге десеңіз, жарық, микроклимат кемшіліктері болса, балалардың денсаулығына зияны тиеді. Оның ішінде өте тығыз орналасқан дейміз. Сыныпта 25 емес, 30дан астам, 45-тен астам бала оқитыны бар.
Биылдыққа осындай себеппен 27 мектеп жаза арқалапты.
Жоғарғы сот, Білім, ғылым, Әділет министрліктері болып үшжақты келісімге келсе, мектептерге бала санына қатысты әкімшілік шара қолдану тоқтатылмақ. Ал осыған дейін айыппұлға жегіліп жарты миллион теңге төлеп қойғандарына ақшасы қайтарылмайды. Себебі, заңда ондай тәртіп қарастырылмаған.