Америка билігі В.Путинді жемқор және жиған байлығын мұқият жасырып отыр деп айыптауда. Бұл туралы дүйсенбі күні Би-би-си арнасына сұхбат берген АҚШ қаржы министрінің орынбасары Адам Шубин мәлімдеді.
"Мен нақты сандарды айта алмаймын. Путин мемлекеттен жылына шамамен 110 мың доллар айлық алады. Бұл жалақы оның шынайы байлығының қасында түк емес. Ол өз байлығын мұқият жасыруда үлкен тәжірбиесі бар", - деді А.Шубин.
"Ресей президентінің жемқор екенін нақтылайсыз ба?" деген сауалға америкалық шенеунік сенімді түрде жауап берді. Ал, Ресей билігі мұның бәрі жалған айып деп ақталып отыр.
Телеарна тілшісі Ричард Билтон В.Путиннің маңында жүрген біршама адаммен кездескен. Таллинде тұратын кәсіпкер Сергей Колесников, ниццалық банкир Сергей Пугачев, бұрын Санкт-Петербург қаласындағы жемқорлық ісін жүргізген, қазір Лондонда тұратын экс-тергеуші Андрей Зыков пен "Совкомфлоттың" бұрынғы басшысы Дмитрий Скаргалар РФ Президентінің өте бай екенін телеарна тілшісіне жайып салған.
Би-би-си арнасы "Панорама" бағдарламасының тілшілері АҚШ Орталық барлау басқармасының құпия есебіне сілтеме жасай отырып, В.Путиннің байлығын 40 млрд доллар деп бағалауда.