$ 494.87  520.65  4.91

Қордайлық ақсақалдар «бірнеше тентектің кесірінен» мешітте бас қоспақ

Құран оқытып, дұға жасайық! 140 жылдан астам уақыт тату-тәтті өмір сүріп келеміз.
Фото: Liter.kz Бауыржан Жуасбаев
Фото: Liter.kz Бауыржан Жуасбаев

"Тұрмыстық жанжал, кикілжің" деген сипатта берілген Қордай ауданындағы текетірестен кейін сол өңірдің ақсақалдары мешітте бас қосып, мәмілеге келуге талпынып көрмек, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. Олардың Алла үйінде бас қосуының басты мақсаты - қоғамдық дүмпу туғызған Қордайдағы қазақтар пен дүңгендердің арасындағы кикілжіңді шешу.

Осыған қарағанда, мешітте кездесуге келіскен қордайлық ардагерлер мен ақсақалдар бірауыздан мәмілеге келуге бел буған секілді. 

"Бүгін сіздердің ауылдарыңыздағы мешітте отырып, осы мәселені шешейік! Ал ертең сіздерді Масаншыдағы мешітке шақырамыз! Не үшін мешітте бас қосамыз? Дүңгендер де, қазақтар да мұсылман. Сол себепті, осы мәселеде бір шешімге келіп, Құран оқытып, дұға жасайық! Бұл жағдай енді қайталанбасын деп тілейміз. 140 жылдан астам уақыт тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Бірақ, арамыздағы бірнеше тентектің кесірінен осындай жағдай орын алды", - деді Лоу Исхар. 

Еске сала кетсек, Қордайдағы жанжал салдарынан 11 адам қаза тапқан. Айтпақшы, қоғамдық дүмпу туғызған жағдайдан кейін Бердібек Сапарбаев бастаған Қордай ауданындағы оқиға салдарын жою жөніндегі Үкімет комиссиясы Жамбыл облысына барып, зардап шеккендермен тілдескен еді.

Ал президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ахуалды арандатушылар өз мақсатына пайдаланды» деп Жамбылдағы жағдайға байланысты мәлімдеме жасап, дүңген баланың "Көмектесіңізші!" деген видеоүндеуіне жауап бергені туралы ақпарат жариялаған болатынбыз. Осы оқиғадан кейін, Жамбыл облысының Бас полицейі жұмыстан кетіп, аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтың орнына Бердібек Сапарбаев әкім болып тағайындалды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары