Биыл елімізде бірнеше айтулы мерейтойлар мен даталарды аталып өткелі отырмыз. Атап айтқанда, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, Әбу-Насыр әл Фарабидің 1150, Алтын Орданың 750 жылдығы. Осы айтулы мерейтойлар қарсаңында Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен «Ұлы даланың Ұлтаралық тілі» атты кездесу кеші өтті, деп хабарлайды Sn.kz.
Аталған шараға облыстық ҚХА басшылығы, қазақ тілін еркін меңгерген әрі аймақтың дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген әр саланың тізгінің ұстаған этнос өкілдері қатысты.
Шара кезінде бала күнінен Ұлы Абайдың берер өнегесін бойына сіңіріп өскен Қорқыт ата атындағы ҚМУ «Филология» факультетінің 2 курс студенті Елена Пак сөйледі. Ол тәрбиелік арнаның қайнар көзі жатқан Абайдың 200-ден астам өлеңі мен «Ескендір» поэмасын жатқа біліп, ойшыл ақынның жыр маржанымен сусындап өскендігін, тіл білімінің қыр-сырына қаныға түсуге ынта жасап жүргендігін және әжесі Светлананың арқасында қазақ руханиятына деген қызығушылығы оянғандығын айтып өтті.
Кездесу кешіне келген қонақтар №9 орта мектептің мұғалімі, татар этномәдени бірлестігінің белсендісі Елена Ишканованың орындауында Абай атамыздың «Көзімнің қарасы» әнін тыңдап, әдемі әсер алды.
Тіл мәртебесін арттыру ниетінде өткен мазмұнды шараға индус этносының қызы қонаққа келді. Ол Сыр еліне қоныс аударғанына 1 жыл болыпты. Әрі ол Ұлы Абайды жанымен сүйіп оқиды. №2 Мұрагер мектебінің 6 сынып оқушысы Айшани Дататрея Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындап, қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін білдірді.