Биылғы көктем қостанайлықтар үшін оңай басталған жоқ. Елімізде жарияланған төтенше жағдайға қарамастан, Қостанай облысы табиғаттың тосын құбылысына сақадай сай қызмет етіп отыр. Сәуір айындағы ауа райының күрт төмендеуінің салдарынан Қостанай облысында су тасқыны кезінде Қарасу ауданы, Қарамырза ауылында жағдай күрделеніп кеткен, - деп хабарлайды Sn.kz.
Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Талғат Кәкімовтің айтуынша, су тасқыны кезінде Тюнтюгур өзенінде мұздың кептелуі болмаған. Сол себепті де су қалыпты режимде өтіпті.
«Дегенмен күндізгі сағат 15.30-да ауа райының нашарлауы, желдің екпіні секундына 30 және одан да көп метрге дейін, жел бағытының оңтүстік-батыстан солтүстік-батыс және солтүстік бағытқа ауысуымен басталды. Бұл Қарамырза ауылына қарай 25-30 сантиметрге дейін толқынның пайда болуына әкелді, яғни негізгі су ағынына қарсы болды. Бұл дерек елді мекенге судың келіп түсуіне себеп болды. Сағат 16.30-да 60 тұрғын үйді су басу басталды», - дейді Талғат Кәкімов.
Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаментінің басшысының айтуынша, келесі күні су деңгейі қарқынды түрде төмендеген. Бірақ түстен кейін су деңгейі тағы да 40 см-ге түсіп, 20 үйден су ағып кеткен. Осы орайда облыстық Төтенше жағдай департаменті қолдан келген барлық шараны істеп баққан. Мәселен, өзендегі су деңгейіне тәулік бойы мониторинг жүргізіп отырған. Осы бақылаудың нәтидесінде қазіргі таңда тұрғын үйлерде су жоқ, сору жұмыстары жүргізіліп, оның табиғи кемуі орын алған. Жедел әрі нәтижелі жұмыстың арқасында барлық тұрғындар өз үйлеріне оралды.
Міне, осындай қарқынмен Қостанай облысында дауылдың салдарын жою бойынша негізгі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, 7 сәуір күні аталған облыста дауылды ескерту жарияланған. Осыған орай қостанайлық төтеншеліктер мен ұялы байланыс операторлары екі күн бұрын облыс тұрғындарына СМС хабарламалар таратқан.
«Біздің облыс аумағы қуатты циклон аймағында болды. Желдің жылдамдығы 40 м/с дейін жетті. Бірінші кезекте электр беру желілері зардап шекті. «KEGOC» АҚ желісі бойынша 40 тірек құлады. Жылу мен электр энергиясын беру іркілістері болды. Қатты жел ағаштарды сындырып, электр желілерін басып қалды. Облыстық әкімдікте ЖАО және коммуналдық қызмет өкілдерімен бірлесіп жедел штаб ұйымдастырылды», - дейді Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Талғат Кәкімов.
Талғат Кәкімовтың айтуынша, қазіргі уақытта электр қуатымен тұтынушылардың 94% қамтамасыз етілген. Электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Облыс тұрғындарының 100% жылумен, сумен қамтамасыз етілген. Жоғарыда аталған дауыл салдарынан облыста 87 әлеуметтік нысан, оның ішінде 78 мектеп, 2 аудандық аурухана, 2 мәдениет объектісі, 4 әлеуметтік нысан, 1 әкімшілік ғимарат, 4 сауда объектісі, 1 тұрғын үй шатырлары зақымдалған. Жергілікті әкімдіктің есебінше, жалпы шығын сомасы шамамен 302 млн. теңгені құрайды. Айта кетейік, қазіргі уақытта 33 нысан, оның ішінде 30 мектеп, 1 оқушылар сарайы, 1 спорт нысаны және 1 балабақша (15,6 млн.теңге) жөнделіп үлгерген. Ал алдағы екі аптаның ішінде барлық нысандарда қалпына келтіру жұмыстары аяқталды деп жоспарланған.
Осы орайда айта кетейік, Қостанай облысы әкімдігі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды қолдау үшін су басқан үйлердің иелеріне 50 АЕК (138, 900 мың теңге) және су басқан аула құрылыстарының тұрғындарына 25 АЕК (69,450 мың теңге) көлемінде өтемақы төлеу туралы шешім қабылдады. Төлемдердің жалпы мөлшері 10,5 млн. теңгені құрайды. Сонымен қатар, зардап шеккен тұрғындарға жұмыс беруші қосымша 2,0 млн.теңге мөлшерінде, яғни әр отбасына 40 мың теңгеден төленді. Қазіргі уақытта азық-түлік жиынтығы дайындалып жатыр.
Айта кетейік, сәуір айының 7-8 жұлдызында Қостанай облысында табиғат тосын құбылыс танытты. Қатты жел тұрып, дауыл соқты. Салдарынан жергілікті үйлерді су басып, 87 әлеуметтік нысанға зиян келген болатын. Алайда Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаменті дер кезінде дабыл қағып, қауіпті сейілтті. Ал барлық жағдай қалыпқа келген соң аталған департаменттің басшысы, азаматтық қорғау полковнигі Талғат Кәкімов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдында есеп берді.