Қазақстанда қалалар арасындағы блок-бекеттер қайтып орнатылуы мүмкін. Ол елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты. Дегенмен, көліктегі бас санитарлық дәрігері Сәудақас Байғабылов блокпосттар «өз міндетін мүлтіксіз атқарғанын» айтады.
«Екі түрлі пікір бар. Біреулер ауру қатты тарап кетпесін деп блок-бекеттің әлі тұра тұрғанын дұрыс көрді. Ал басқалар туыстарына, жұмысқа жетеміз блок-бекеттердің алынып тасталғанына қуанды. Бірақ мұнда маңыздысы – карантиндік шектеулердің сақталуы. Блок-бекеттер белгілі бір уақытта инфекцияға тосқауыл болды. Енді уақыт, жағдай өзгеріп жатыр. Жаңа этапқа өттік. Блок-бекеттер өз миссиясын атқарды. Алайда жағдай қатты күрделеніп кетсе, олар қайтып қойылады. Жекелеген өңірлерде, облыстардың ішінде әлі де тұр», - деді Сәудақас Байғабылов ДСМ-дағы брифингте.
Санитарлық дәрігер тұрғындар тәртіпке бағынса ғана блок-бекттер қайтып орнатылмайтынын ескертеді.
«Блок-бекттердің қайтып орнатылмауы тұрғындардың карантиндік тәртіпті сақтауына байланысты. Егер олар тәртіп сақтамаса, ахуал қиындап кетеді де, баяғы жағдайға қайта ораламыз. Халық блок-бекеттің шешілуі бәрі дұрыс дегенді білдірмейтінінін түсінуі керек. Біз ел жұмысқа барсын, бизнесін жалғастырсын деп түсіністік танытып отырмыз», - деп толықтырды ол сөзін.
Дереккөз: Азаттық рухы