$ 494.87  520.65  4.91

«Қайсар» ФК бас жаттықтырушысы мен ойыншының арасында кикілжің болғаны рас па?

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, «болгар бапкері мемлекеттік тілде сөйлемеуді талап етті» деген ақпарат – жаңсақ.

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Қайсар» футбол командасының бас жаттықтырушысы мен ойыншының арасындағы кикілжің Алматыда болған. Клубтың баспасөз қызметі қызылордалық «Қайсар» командасының бас жаттықтырушысы Стойчо Младеновке қатысты тараған ақпаратқа түсініктеме берді.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, «болгар бапкері мемлекеттік тілде сөйлемеуді талап етті» деген ақпарат – жаңсақ. Команданың кезекті жеңілісінен соң бір топ футболшы киім ауыстыратын бөлмеде ойын нәтижесін қазақ тілінде талқылап жатқан. Ал бас бапкер бәріне түсінікті болсын деген мақсатта орыс тілінде айтуын «өтінген» көрінеді.  

«Қайсар» мен «Каспий» командалары арасындағы кездесуден кейін киім ауыстыратын бөлмеде бапкер мен ойыншы арасында түсініспеушілік болды. Бұл жағдайдың матчтан кейінгі (жеңілістен – авт.) эмоциядан туындағаны белгілі болды. Жеңіс пен жеңіліс қатар жүретін спортта мұндай сәттер жиі кездеседі. Қазір бапкер мен ойыншы арасындағы қарым-қатынас ретке келді, - деді «Қайсар» ФК баспасөз хатшысы Ерасыл Шәрібек.

 Қазір пандемияға қатысты ішкі чемпионаттардың барлығы Алматы қаласында өтіп жатыр. 30 қазанда «Каспий» командасымен кездескен «Қайсар» 1:0 есебімен жеңілген.

Сондай-ақ клубтың баспасөз хатшысы хабарлағандай, Стойчо Младенов жетекшілік ететін қызылордалық «Қайсардың» қаражаты да 34%-ға қысқарған.

Жылдың басында команданың бюджеті 4 миллиард теңге болған. Оңтайландырудан кейін қаржы 34%-ға қысқарып, 2,5 миллард теңге болды. Бапкерлер қосыны мен футболшылар «Тобылмен» өтетін алдағы ойынға дайындығын пысықтап жатыр. Бапкермен сөзге келген футболшының  аты-жөнін атай алмаймыз, екеуінің арақатынасы қазір жақсарды, - деді баспасөз хатшысы. 

 «Қайсар» командасында 25 футболшы болса, олардың 7-уі – шетелдік легионерлер. Ішкі біріншілікте Қызылорда облысының намысын қорғап жүрген футбол клубындағы жігіттердің 12-інің ұлты – қазақ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Қайсар