2020 жылғы 10 желтоқсанда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Аталмыш заңға сәйкес, елімізде 2021 жылдың 1 қаңтарынан жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңі басталды. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы, kursiv.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекет осы бастама арқылы жемқорлықпен, көлеңкелі экономикамен күресіп, қазына қаржысын молайтпақ. Осы орайда «Курсив» кіріс пен мүлік туралы есепті кім және қашан тапсыру керегін түсіндіреді.
Алғашқы кезеңде декларациялау барлығына бірдей әсер етпейді. Бірінші кезеңде мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайлары, сондай-ақ оларға теңестірілген азаматтар мен олардың жұбайлары табыстарын тапсырады. Нақты айтсақ:
- жауапты лауазымдарды атқаратын мемлекеттік қызметшілер: Премьер-министр, Мемлекеттік хатшы, министрлер, облыс мен қала әкімдері, парламент депутаттары мен судьялар;
- мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген-жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары, қызметкерлері және мүшелері (мемлекеттік бюджеттен жалақы төлейтін), мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметшінің м.а., аудан, ауыл мен ауылдық округтердің әкімдері, Ұлттық банк қызметкерлері, президенттікке кандидаттар, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның қызметкерлері. Сондай-ақ қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның қызметшілері және олардың жұбайлары;
- «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық Заңына және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Сақтандыру қызметі туралы», «Бағалы қағаздар нарығы туралы» ҚР Заңдарына сәйкес декларация тапсыру міндеті жүктелген тұлғалар.
Жаппай декларациялау аясында мемлекеттік қызметшілер жеке меншігін, активтерін, дебиторлық-кредиттік қарыздарын, инвестициялық алтындарын, қолма-қол ақшасын және авторлық құқығын жасырмай көрсетуі керек.
Декларациялаудың екінші кезеңі 2023 жылдың 1 қаңтарынан басталады:
– кіріс туралы есепті мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлері (білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және т.б. салаларын қоса алғанда) және олардың жұбайлары тапсырады.
Үшінші кезең 2024 жылдың 1 қаңтарынан, төртінші кезең 2025 жылдың 1 қаңтарынан басталады. Бұл кезеңде кірісін заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, дара кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары жариялайтын болады.
Ал 2025 жылдың 1 қаңтарынан басталатын төртінші кезеңде қалған барлық қазақстандықтар кірісі мен мүлкі жөнінде есеп береді.
Декларацияны белгілі бір мерзімде: қағаз түрінде 15 шілдеден кешіктірмей, ал электронды форматта 15 қыркүйектен кешіктірмей тапсыру керек.