"Атамекен" ҰКП төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева Facebook-тегі парақшасына 1 наурыздан бастап Қазақстанда карантин талаптары жеңілдейтінін жазды, деп хабарлады paryz.kz.
"Сүйінші жаңалық! Ведомствоаралық комиссияның отырысында коронавирустың таралу қарқынының төмендеуіне байланысты, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлік палатасының бірқатар ұсынысы қабылданды", - деді жазба авторы.
Оның айтуынша, билығы жылдың 1 наурызынан бастап жасыл аймақта жанкүйерлер қатысатын спорт жарыстарына (қатысушылар саны талқыланып жатыр), 50 адамға арналған еске алу асына (залдың 30%-ын ғана толтыра отырып), бильярд қызметіне, ғимараттардағы балаларға арналған ойын-сауық клубтарына, цирктерге рұқсат етіледі. Ал сары аймақта базарлар мен сауда, ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері жексенбі күні де жұмыс істей алады.
Жасыл және сары аймақтар үшін қосымша боулинг, компьютер клубтарының қызметі, фитнесс-орталықтар мен бассейндердің жұмыс істеуіне рұқсат етілді.
"Жалпы алғанда санитарлық талаптарды сақтай отырып, бизнестің жабық нысандарының да жұмыс істеуіне рұқсат етуге болады деген түсіністік бар" деп жазды палата өкілі.